Ақтауда ұшақ апатынан кейін табылған қара жәшік қашан ашылады? — министрлік жауап берді

Қаракөз Амантай 27 дек. 2024 09:27 1281

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев апатқа ұшыраған ұшақтан табылған қара жәшіктің қашан ашылатыны жайлы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ластаевтың айтуынша, оны ашудың нақты қадамы бар.

"Ең алдымен, әуе апатын зерттеу бойынша арнайы комиссия құрылады. Сол комиссия оқиғаның мән-жайын зерттеп, барлық ақпаратты талдай отырып, қара жәшікті ашу бойынша шешім қабылдайды. Қазіргі уақытта бұл процесс жүріп жатыр – ұшақтың фрагменттері мен бөлшектері жиналуда. Ертең оқиға орнына сарапшылар барады. Ұшақтың шыққан елі – Бразилия,” – деп атап өтті Талғат Ластаев.

Оның сөзінше, Қазақстанға әуе тасымалдаушы компанияның өкілдері де келмек. Барлық тарап жиналғаннан кейін, қара жәшіктің қашан ашылатыны белгілі болады. 

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ құлады. Осыған байланысты ТЖМ түсініктеме берді. 

"Ақтауда ұшақ құлаған орынға Қазақстан ТЖМ жеке құрамынан 52 адам және 11 бірлік техникасы барды. Оқиға орнына келген бойда әуе кемесі жанып жатты. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіруге кірісті", - деді олар. 

"Қазаэронавигация" ақпаратынша, Баку-Грозный бағыты бойынша келе жатқан "Эмбрайр190" AHY8243 ұшағы Ақтауда құспен соқтығысқан. 

Ал әзербайжандық БАҚ-тың хабарлауынша, бортта 67 адам мен 5 экипаж мүшесі болған.


Рекомендовать
Последние новости
Соңғы рейс...
27 дек. 2024 12:15