Тоқаев Анкарада YDA Holding басқармасының төрағасын қабылдады

Кәмшат Тілеухан 29 июл. 2025 15:09

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арсланды қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа YDA Holding компаниясының Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде мәлімет берілді.

Атап айтқанда, түркиялық холдинг Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салу және пайдалану бойынша үш жобаны қолға алған.

Компания алдағы уақытта Астанадағы YDA Industrial Park көпсалалы өндіріс кешенін кеңейтіп, сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салуды бастайды.

Сонымен қатар Хусейн Арслан компанияның Ақтауда мультимодальді транзит хабын құруға қатысты жоспарымен бөлісті.

Мемлекет басшысы холдингтің Қазақстанға стратегиялық тұрғыдан қызығушылығын және елімізде жүзеге асырып жатқан инвестициялық бастамаларын жоғары бағалады.

Айта кетсек, кеше түнде Қазақстан Президенті Түркияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Анкара қаласының "Есенбоға" әуежайында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі арнайы қарсы алған болатын. Сондай-ақ саясаттанушы Асхат Қасенғли Мемлекет басшысының Анкараға сапарына қатысты пікір білдірді.

Бүгін Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесінен басталғаны хабарланды.

 


Рекомендовать
Последние новости