"Синти-Поптың" сардары – Ғалымжан Молданазар

Dalanews 19 июл. 2017 08:33 1522

 

Қазақ ән өнеріне өзіндік дара ерекшелігімен келген жас әнші Ғалымжан Молданазар аз уақыт ішінде өз тыңдармандарын тауып үлгерді. «Өз тыңдармандарын» деген тіркес жаттанды көрінуі мүмкін, бірақ дәл осы Молданазар туралы бұл тіркес өзінің шынайы мәнін айшықтай түседі. Ғалымжан ән сүйер қауымның ішінен өзінің, тек өзінің ғана тыңдарманын тапқан бақытты әнші. Оның тыңдармандары бүгінгі қазақ шоу-бизнесінің ұраншыл жанкүйерлері емес, моргиналдық қасиетімен ерекшеленетін «біртүрлі» тыңдармандар. Олар, біздіңше, әуесқойлықты емес, кәсібилікті, еліктіргіштік жаттанды сарынды емес, эстетикалық әсерді, қарабайыр бұқаралық талғамды емес, интеллектуалдық танымды сүйетіндер. Ғалымжан Молданазар өткен ғасырдың 60-70 жылдары қалыптасқан синти-поп бағытын ХХІ ғасырда қайта түлетуші дарын иесі. Ол "100 жаңа есім" қатарына енуге әбден лайық.

 

ОЛ...

Әнші 1988 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі. Мектепте жүріп гитара үйреніп, ән салуды үйрене бастаған. Бала кезінен Майкл Джексонды пір тұтқан ол әкесінің бір кездері оған қатал талап қойып, «Сен қандай жолды таңдағың келеді?» деп сұрақ қойғанын айтады. Әкесінің бұл сұрағына ол болашақта мені осы гитарам асырайтын шығар деп жауап берген деседі. Мектеп бітірген соң Алматыға келіп, Жүргенов атындағы Өнер академиясына актерлік мамандыққа түседі. Алайда оқуын бірінші курстан тастап кеткен. Білетіндер, бұл оқу ордасынан өзі алар білім жоқ деп тастап кетті десе, өзі менен актер шықпайтынын, олардың (актерлердің) ортасы мүлдем бөлек екенін ерте түсінгендіктен осындай шешім қабылдадым дейді.

Ғалымжан Молданазардың бұдан кейінгі 7-8 жылы Алматының бұлыңғыр көшелерінде өтеді. Кей кездері жолға ақша таппай, қиналған сәті де болыпты. Жалға алған пәтерінің ақшасын төлеу де қиынға соққанын, менен түк шықпайды деп түңілген сәттері де болғанын ол баспасөзге берген сұхбаттарында емеуірінмен жеткізген. Сөйте жүріп, «Орда» тобында ән салған. Ол бұл топтан бөлек, Қайрат Түнтеков, Айса, Асыл Беделхан, Rin’go тобы  мен басқа да әншілерге бірнеше ән азған. «Орда» тобынан өзінің мүмкіндігін ашуға жол жоқ екендігін түсініп, жеке ән салуды қолға алады. Осы шешімінен кейін оның жұлдызы жанды. Бар-жоғы екі жылдың ішінде оны тыңдайтын жастар шоғыры пайда болды. Шетелдерден де ұсыныс түсе бастады.



«ХИПСТЕРЖАН»

Оған бұл лақап есімді сауатты тыңдармандары берген. «Хипстер» термині – джаз музыкасын ұнататын субмәдениет өкілдеріне қаратылған. Оны осы шағын мәдени топ өкілдері ерекше бағалап, қашанда Ғалымжанға жанкүйер болып келеді. Оған бұл есімді берген ресейлік тыңдармандар екен. Алғаш оның «Ақпен бірге» клипін көрген көрші елдің тыңдармандары қазақ әншісінің рок стильіндегі жаңа нақыштағы әні мен оған түсірілген бейнебаянды «ютубтан» тез бөлісіп, Қазақстанда музыка мәдениетінің жаңа толқыны келе жатыр деп дабырласқан. Сол сәттен бастап Ғалымжанның есімі елімізге де кеңінен таныла бастады.

Тыңдармандары Ғалымжанға үлкен сахнада шоу-концерт өткізсе деген тілектерін айтса да, ол үнемі шағын аудиториялар мен сахналарда ғана өнер көрсететіндігімен де ерекшеленеді. Ол мұның себебін өнердің және өз қадірін кетірмеу үшін осылай істейтіндігімен түсіндіруі мүмкін. Өзі шоу-бизнес пен той бизнес үшін өзінің бағытынан айнымайтынын, тіпті той әншілеріне құрметпен қарай отыра, бір жағынан өнерге жаны ашитынын да жасырған емес.



ФОНОГРАММА... БҰЛ – ҚЫЛМЫС!

Ол бүгінгі қазақ әншілерін фонограммамен елді алдап жүр деген пікірде. «Ақша, ақша, тек ақша» принципімен күн кешетін әншілердің фонограммамен ән салуы – қылмыспен пара-пар деген ойын жасырмайды. Ол үшін фонограммамен, тіпті минусовкамен ән салудың өзі елді алдау. Сондықтан да ол бұл жолды таңдамаған. «Елді алдағым келмейді. Әкемнің маған қойған басты шарты осы. Шынымды айтсам, бүгінгі қазақ эстрадасы маған ұнамайды. Ақша үшін өнерге келгендерді қабылдай алмаймын» дейді ол.

Ол әншілердің жанды дауыспен ән айтуға техникалық мүмкіндігіміз жоқ дегені сылтау деп біледі.

«МузАРТ» тобы жанды дауыспен ән шырқайды. Кезінде «Дос Мұқасан», Роза Рымбаева, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, «Гүлдер-ай» ансамблі тірі дауыспен ән шырқаған. Бүгін техника дамыды ғой. Менің арманым қазақ эстрадасына жаңа леп, соны бағыт әкелу. Қазақ тілін әлемге танытсам деген мақсатым бар» дейді ол.

«Бірнеше адам жиналып ап, фонограмманы тоқтату керек деп даурығудан түк шықпайды. Фонограммамен айтпа! Оған заңмен тиым сал. Бітті!». Бұл да Молданазардың көзқарасы. Ол тыңдарман мен көрермендердің талғам таяздығына қарны ашатындығын ашық мәлімдеп жүр. Адамдар өзінің жалған әуенге алданып жатқанын білуге тиіс деген ойын да бірнеше мәрте қайталаған.

 

https://www.youtube.com/watch?v=j2Sx1fewNcs

АМЕРИКАҒА САПАР

2015 жылы америкалық Break of reality тобы Алматыға өнер көрсетуге келген сапарында Молданазардың «Ақпен бірге» әнін тыңдаған соң, бірігіп ән шырқауға ұсыныс жасаған. Кейін өзін Американың Нью-Йорк штатына шақырып, бірлесіп ән айтып, шағын кеш өткізуге ұсыныс жасаған. Сол жылы Молданазар Америкаға барып, осы топпен бірге ән салды. Оны америкалық тыңдармандар жоғары бағалап, «қазақ өнерінің жаңа жұлдызы» деп бағалаған. Сол сапары негізінде әнші туралы деректі фильм түсірілген. Режиссері – Америкада тұратын қандасымыз, фотограф Қанат Бейсекеев.

Содан бері әншіге шетелдерден жиі шақыру түседі. Ол өзінің ән жинағын шығаруды, сондай-ақ жаңа бағыттағы «Молданазар» тобын құрып, қазақ эстрадасына өзіндік үлес қосуды көксейді. Әншінің айтуынша, америкалық тыңдармандар оның «Ақпен бірге» әнін ерекше ұнатқан әрі осы әні сол жақтағы тыңдармандар арасында сұранысқа ие болып отыр. Екі жылдан бері америкалықтар Ғалымжан Молданазар әндерін үзбей тыңдап келеді деуге болады. Әнші Еуропаның белгілі студияларынан да ұсыныс түсіп жатқанын айтады. Болашақта шетелдіктермен бірге жаңа жобаларды бірлесіп атқаруымыз мүмкін деп ойлайды.

Қазір Молданазар тыңдармандарының аудиториясы жыл санап кеңейіп келеді. Айталық, «Google» желісі бойынша Ғалымжан Молданазарды іздеушілер саны еліміздегі ең танымал әнші Қайрат Нұртастан асып түскен. Осының өзінен-ақ оған сұраныстың әлемдік аренада көбейгенін байқауға болады.

 

https://www.youtube.com/watch?v=jpy0Hjai7m4

 

ОНЫҢ ӘНДЕРІ МЕН КЛИПТЕРІ

Оның «Ақпен бірге», «Бірге бол», «Қош бол», «Кім ол?», «Бері қара», «Жауап бар ма?», «Өзің ғана», «Алыстама», «Сағым» секілді оншақты әні ғаламтор желісінде өте танымал. Музыкатанушылар оның әндерінен рок музыка, технорок, синти-поп, фанк музыка, поп музыканың өзара синтезінен жасалған заманауи бағыт дегенді айтады. Енді бір топ сыншылар Ғалымжан әндерінің басты ерекшелігі өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы музыкалық жаңа бағыттардың қайта түлеуі деп те ұғады.

Ол ән сөздерін де өзі жазады. Оның ән сөздерінен жасандылық таппайсыз. Кейбір тіркестерінде ішкі ырғақтан ақсап жатқандай көрінгенімен, соның өзі әуеннің ішкі иіріміне құп жарасқандай әсер қалдырады.

Ал клиптері жалған романтика, орынсыз риторика, сапасыз этюдтерден адалығымен ерекше. Оның клиптері топтық көзқарастан гөрі, жекелік идеямен құнарланған. Әр клипінен рухтың өзін өзі іздеуі, «Өмір деген не өзі?» деген сұрақтарға жауап іздеп, шарқ ұрған жанның бейнесі елес береді. Жаңа әуен, тың мәтін, мазмұнға абй эпизодпен үндескен ышқыну мен пафостан жырақ табиғи дауыс тыңдармандарын жылы шуаққа шомылдырады.



 

Ғалымжанның ойлары

***

Менен де мықтылар бар, бірақ әзірге олар ешкімге керек болмай жатыр. Мен баяғыдан ән шығарып келем, бірақ ол әндер керексіз болып Интернетте жатты. Сосын Ресейде біреулер «О, бір қазақ күшті синти-поп жасап жүр» деді. Сосын біздікілер: «О! Біздің бала Еуропада бірдеңе ұтып алды» деді. Бірақ мен оған дейін де болғам, негізі.

***

Ресейге бірнеше рет шақырды. Бірақ барғым келмеді. Өйткені, Алматыны өте қатты жақсы көрем. Бұл жерден ешқайда кеткім келмейді.

***

Ешқашан атаққа, көп ақша табуға қызыққан емеспін. Көбі «Сенің орныңда болсам, басқа жаққа кетіп қалар едім» дейді. Менің кеткім келмейді. Соңына дейін осында қалып, осы қалада made in Kazakhstan деуге тұрарлық бірдеңе жасасам деймін.

***

Қайрат Нұртасты өз басым сыйлаймын. Оның өз аудиториясы бар. Тіпті сондай үлкен аудитория менде де болса деймін. Қайратты сүйіп тыңдайтын, тыңдап отырып жылайтын жақындарым бар. Ол шынымен де адамдарға бір сезімдер береді. Ол шынымен де адамдарды бір нәрселер туралы ойландырады.

***

Ауылдың тәрбиесімен өстім. Сондықтан кей нәрселерді қабылдау маған қиын. Мысалы, баланың әке-шешесімен дауласқанын көргенде «Не болып барады өзі?» деп шошимын.

***

«Сен Американ музыкасын насихаттайсың. МузАРТ, Қайрат Нұртас – міне бұлар біздікі» деп ұрсады кейде. Мен түсіндіруге тырысам: «МузАРТ пен Қайрат Нұртас электронды гитарамен, синтезатормен айтады. Қазақ электронды гитара тартып па еді? Қалайша оны нағыз қазақ музыкасы деп айтасыз?».

***

Қазақша болсын дейтіндер тойларына Канье Уэст, Бейонсе, Дженнифер Лопестерді шақырады. Ол жерден домбыра, қобыз көрмейсіз.

***

«Неге домбыра тартпайсың?» деп те ұрсады. Бір ағамызға «Міне, көшеде кездестік. Сіз неге мерседеспен келдіңіз, неге атпен келмедіңіз?» дедім.

 

Рекомендовать
Последние новости