Қасиетті Қапал өңірі

Dalanews 19 июл. 2017 08:24 3320

Тарихы сырға, қойыны гүлге толы Жетісудың құтты мекенінің бірі – Қапал өңірі. Қапал-Арасан деген дүйім жұртқа аты әйгілі аймақта Шоқан Уәлихановтың ізі қалып, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, Н.А.Абрамов, А.Ф.Голубев, А.Н.Гейне сияқты зиялылардың еңбектеріне арқау болған. Сонымен бірге, Қапал тарихы Қапал батыр, Тәнеке батыр, Ақын Сара сияқты ұлы тұлғалардың өмірімен сабақтас. Қапал, Қапал уезі және онда  тұратын қазақтар туралы ағылшын саяхатшысы Т.Аткинсонның еңбектері Лондондағы «Географиялық қоғам» архивінде сақтаулы деседі. Қапал десе Қапал-Арасан шипа жайы мен аңызға айналған Тамшыбұлағы еске түседі.

 

Қапал қорымы және Қапал бекінісі

Қапал ауылына кіре берісте «іргетасы 1847 жылы қалаланған» деген жазуды көзіңіз шалады. Бұл дегеніңіз Қапалдың тарихы 1847 жылдан басталады деген сөз емес. Россияның қазақ жерін отарлау мақсатында салынған бекіністерінің бірі Қапал бекінісі 1847 жылы салынған болатын. Ал Қапалдың тарихы тым арыдан басталатынына Қапал қорғандары куә. Қапал қорғандары  – тарихи-архитектуралық ескерткіштер орны. Қапал маңында Түрік дәуірінен, Қимақ мемлекетінен қалған тағы да басқа 7-8 қорған бар. Қорымдарда тарихы біздің заманымыздан бұрынғы 3-11 ғасырлар аралығындағы Қарасай, Жылысай, Үкілі, Қызыл зираттары орналасқан. Бетіне неше түрлі суреттер салынған бал-бал тастар әр жерден-ақ ұшырасады. Өкінішке орай, бұл тастар  осы өңірде алғашқы үйлер салына бастаған кезде құлатылып, іргетас ретінде пайдаланылған. Тұнып тұрған табиғаты мен тарихи жәдігерлері мол Қапал жеріне орыс отаршылары 1843 жылы 10 қазан күні басып кіріп, орныға бастайды. Олар 1847 жылы бекініс салып бітті. Қапалдың тауы ну орман болған , оны да Қапал бекінісі салынғаннан кейін өртеп жіберген дейді.

 

Шоқанның еңбектері және Қапал батыр

Бекініс салынғаннан кейін  Шоқан Уәлиханов Қапалға 1854 жылы Қашқария сапары қарсаңында келген. Мұнда ол Ұлы Жүз аңыздарын жазып алумен шұғылданған. Екінші рет 1864-1865 жылдары келіп Қапал ауылының, Қапал қаласының тарихын зерттеген. Осы зерттеуінде Қапал бекінісінен 40 шақырым жерден Қапал батырдың қабірін тауып, анықтайды. Бекініске Қапал атын беруге Ш. Уәлихановтың  «Жоңғария очерктері» жазбаларындағы «Қапал стансасы Қапал батырдың есімімен аталған» деген пікірі түрткі болды.

Қапал батыр Ұлы жүздің Дулатынан тарайтын Жаныс руынан шыққан. Шоқан Уәлихановтың деректеріне сүйенсек, Қапал батыр Тәуекел хан мен Есім хандардың кезінде Сыр мен Жетісу бойындағы қалмақтарға қарсы жорықтарда ту ұстаған батырдың бірі, қолбасшысы болған делінеді. Қапал батырдың ескерткіші Талдықорған-Өскемен тас жолының Қапалға бұрылған жерінде қойылған.
 Тәнеке батыр Кенесары ханға орасан зор қолдау көрсетіп, ханның қырғыз еліне Жетісу өңірі арқылы өтуіне үлкен ықпал жасайды. Ал осыдан кейін қырғыз манаптарының Ресей патшалығына сатылып, Кенесарының басын алып, Қапал, Аягөз арқылы Омбыға жібергенін естіген Тәнеке батыр Жетісу жерінен Матай, Садыр, арғы беттен Қызай елінің руларынан 2000-ға жуық қол жинап барып, қырғыз манаптарын аямай жазалайды, құлдыққа жегеді. Бұл туралы қазақтың әйгілі тарихшысы Ермұхан Бекмаханов еңбектерінде атап өткен.

[caption id="attachment_28887" align="aligncenter" width="640"] Қапалдағы көне мешіт[/caption]

Тәнеке батыр

Қапал ауылынан шығысқа қарай 20 шақырым жерде Тәнеке батырдың зираты орналасқан. Тәнеке батыр орта жүз Найманның Матай руынан шыққан. Әйгілі Бөрібай батырдың ұрпағы. 1807 – 1885 жылдар арасында өмір сүрген. Кенесары ханның ұлт азаттық көтерілісіне үн қосқан. Ол туралы Алаштың ардақтысы Мұхаметжан Тынышбаевтың «Материалы киргизско-казахского народа» деген еңбегiнде, 1847 жылдары Қыдырәлi бидiң немересi Тәнеке Дөсетұлының Кенесары көтерiлiсiне қатысқанын айғақтайтын мәлiметтер бар. Поляк жазушысы Адольф Янушкевичтің еңбектерінде Тәнеке батырдың патша үкіметінің отарлау саясатына ашық қарсы келгенін айтады. Атап айтқанда, 1846 жылы генерал Вишневский Жетiсудың би-сұлтандарымен Кенесарыға қосылмай, патша үкіметінің бодандығын қабылдау туралы келіссөз өткізіп жатқан жерінде Тәнеке батырдың қалың қолының шабуылына ұшырағанын жазады.

Тәнеке батыр Кенесары ханға орасан зор қолдау көрсетіп, ханның қырғыз еліне Жетісу өңірі арқылы өтуіне үлкен ықпал жасайды. Ал осыдан кейін қырғыз манаптарының Ресей патшалығына сатылып, Кенесарының басын алып, Қапал, Аягөз арқылы Омбыға жібергенін естіген Тәнеке батыр Жетісу жерінен Матай, Садыр, арғы беттен Қызай елінің руларынан 2000-ға жуық қол жинап барып, қырғыз манаптарын аямай жазалайды, құлдыққа жегеді. Бұл туралы қазақтың әйгілі тарихшысы Ермұхан Бекмаханов еңбектерінде атап өткен.

Тәнеке батыр атасы Қыдырәлі биден бастап , арысы Матай, берісі Қаптағай елінің қорғаны болады. Патша үкіметінің қысымымен қоныс аударған татарларға жер беріп, қамқорлығына алады. Оларға екі бірдей мешіт және медресе салып беріп, татар балаларымен бірге қазақ балаларын да оқыта бастайды. Сол кездегі салынған мешіт және медресенің ескі құрлысы әлі сақталған. Сонымен бірге Тәнеке батыр өз елін егіншілікпен айналысуға да баулиды. Тәнеке батырдың игі істерін кейін баласы Есімбек болыс жалғастырған. Бұл кездерде Қапал өңірін жергілікті жұрт Тәнеке ауылы деген екен.

Кененнің кекін алған Қапал өңіімен, Тәнекедей батырмен бар қазақ мақтануға тиісті. Кенесары ханның басын іздейміз, қазақтың рухы қайта тіріледі дейміз. Меніңше Кенесарының басы бүгін емес, сол кезде де текке кеткен жоқ. Қазақ өз намысын жатқа таптатпады. Көптеген болыстар мен сұлтандар Орыс отаршыларына болыспаса да, хан Кенені қолдай алмады. Оның жанында Тәнеке болыс ерге сай мінез көрсетіп, ханның кегін уағында қайтарды. Отаршылармен ашық күрескен батырдың есімін бүгін былайғы жүрттың көбі біле бермейді. Кенесары ханның кегін  қайтарған Тәнекені ұлықтағанымыз – хан Кенені ұлықтағанымыз болар еді. Кенесарының кегін алған батыр деп Тәнеке батырды ұлықтап, ескерткіштер орнатып, Астана мен Алматы қалаларынан көше беріп жатсақ, ол да бір қазақтың рухын көтерер шаруа болар еді. Киелі Қазақстанның «Туған жер» бағдарламасы бойынша Тәнекедей батырды еске алуымыз нағыз рухани жаңару болмақ. Ұлттық код дегеніміз – қай заманда болсын өзінің емес, ұлтының, халқының, ханының намысын таптатпаған батырларды ұлықтайтын рух болса керек.

Биыл Тәнеке батырдың өмірге келгеніне 210 жыл болыпты. Кеше ғана сенаттың депутаттық мандатына көтерілген Бақытжан Жұмағұлов осы Тәнеке ауылының тумасы еді. Ендеше, депутат ағамыз осы істі қолға алар деген ауыл жұртының үміті бар.
 Фатима апамыздың өмірге келген үйінде мұражайы болған екен бертінге дейін. Қазір үйдің маңдайшасындағы сол үйде Фатима Ғабитқызының өмірге келгенін білдіретін тақтайшадан басқа ештеңе жоқ. Қараусыз үй жылдан жылға тозып барады. Осыдан екі-үш жыл бұрын үйдің сыртын ауылдағы бір кәсіпкерлер қоршатқан еді, бірақ оның да арты аяқсыз қалды.

[caption id="attachment_28888" align="aligncenter" width="640"] Фатима Ғабитқызы туған үй[/caption]

Ақын Сара және Фатима Ғабитқызы мұражайы

Қапал өңірінің жұртшылығы 1871 жылы қазақ әдебиетінің алтын қазынасы Біржан мен Сараның айтысына куә болған. Сара Тастамбекқызы 1853 жыл қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданы Бесағаш ауылында дүниеге келген. Сараны бойжеткеннен кейін Тәнеке ауылының болысы Есімбек қажы өз ауылына көшіріп алған екен. Біржанмен айтысынан кейін Бекбай Алтынбекұлына тұрмысқа шығып, 1907 жыл қайтыс болады.

1992 жылдың қазан айында Қапал ауылынан  Ақын-Сара атындағы тарихи-өлкетану музейі құрылады. Мұражай құрылғаннан бастап түрлі жәдігерлерге толтырылған. 4 бөлмелі үйден тұратын мұражайда ақын апамыздың мүсіні және қазақтың салт-дәстүрінен белгі беретін тұтыну бұйымдары мен ақынның қолданған бұйымдары, құрбы-құрдастарының суреттері және Қапал өңіріне қатысты кітаптар қойылған. Мұражайда Сара Тастамбекқызының өз заттарынан қазаны, домбырасы және киім тігетін қол машинасы мен қайшысы бар. Одан бөлек өзінің киім-кешектері мен басқа бұйымдары сахналық қойылымдарда Сара апамыздың рөлін ойнаған әртістердің киім-кешегімен толтырылған.

Қапал өңірінен үш жүзге аты мәлім Сара апамыздан кейін үш бірдей арысымыздың жары болған, Мұрат Әуезовтың анасы Фатима Ғабитқызы өмірге келген. Фатима апамыздың өмірге келген үйінде мұражайы болған екен бертінге дейін. Қазір үйдің маңдайшасындағы сол үйде Фатима Ғабитқызының өмірге келгенін білдіретін тақтайшадан басқа ештеңе жоқ. Қараусыз үй жылдан жылға тозып барады. Осыдан екі-үш жыл бұрын үйдің сыртын ауылдағы бір кәсіпкерлер қоршатқан еді, бірақ оның да арты аяқсыз қалды.

[caption id="attachment_28889" align="aligncenter" width="640"] Тамшыбұлақ[/caption]

 

Қапал ауылының киелі де көрікті жерлері

Қапал өңірі таңғажайыптар мен қасиетті жерлерге толы. Оның бірі 150 жылдық тарихы бар Қапал-Арасан шипажайы. Қапал ауылынан 30 шақырым жердегі Арасан ауылында орналасқан. «Қапал-Арасанның» шипалы суының емдік қуаты жергілікті тұрғындарға бұрыннан-ақ белгілі болғаңн, ал мұнда алғашқы курорт 1852 жылы құрылған. «Қапал-Арасан» курортынан әр кездерде Шоқан Уәлиханов, Семенов - Тяньшанский сияқты атақты адамдар да ем қабылдаған. Аса көрнекті мемлекет қайраткері Д.А.Қонаев «Қапал-Арасанды» басты назарына алған. «Қапал-Арасан» санаторийінің негізгі емдік көзі – термальды бұлақтар.

Қапал-Арасан шипажайынан басқа Қапалдың тау басындағы арасаны да бар. Бұл табиғи арасанның емдік суы талай сырқат жандарға шипа болған. Арасан тау басында болғанымен, барушылардың қарасы үзілген емес.

Қапал ауылының орталығында «Тамшыбұлақ» деген қасиетті бұлағы бар. Ауылдың қақ ортасында жар қабақтан мөлтілдеп тамып тұрған көркем  тамшылар көзіңізге Жаратушының құдыретін көрсеткендей болады. Доғал жар қабақтан айнала ағып тұрған мөлдір тамшы кімнің де назарын аудармай қалмайды. Тамшыбұлақтың суы адам денсаулығына пайдалы екенін ғалымдар да мойындаған. Қапал тұрғындары мен қонақтары бұлақ суын асқазан, көз, сүйек-буын ауруларына ем ретінде қолданып келеді.  Тамшыбұлақ туралы алғашқы деректер мен зерттеулер Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде кездеседі.

 

Қапалдың қазіргі тыныш-тіршілігі

Кеңес үкіметі кезінде аудан орталығы болған Қапал қазір ауылдық округтердің бірі. Тұрғындарының саны 4 мыңға жуықтап қалды. Ресей патша үкіметі мен Кеңес үкіметі кезінде қоныстанған өзге ұлт өкілдерінің көбі өз отандарына қайтып, олардың орнына шеттен келген қазақтар қоныстанған. Тұрғындарының басым бөлгі мал шаруашылғымен айналысады. Қапал ауылында екі мектеп, бір кәсіптік колледж білім беруде. Ауылдың табиғи өсімі де жыл санап артып келеді.

Қойыны қасиеттке толы, ұлылардың мекені болған Қапал өңірі азат Қазақ мемлекетінің тарихында әлі талай елеулі оқиғалардың куәсі болары анық. Тәнекедей ел қорғаған ерлердің ұрпақтары ел мерейін асырып, талай тарих бетіне әлі талай ұлы тұлғалары әкелеріне сенімдіміз. Мың естігеннен бір көрген артық дегендей, оқырман қауымды осы бір Шоқанның ізі қалған  қасиетті мекенді өз көзімен бір көріп қайтуға кеңес берем.

 

Тұрдыбек ҚҰРМЕТХАН,


Техника ғылымдарының магистрі, тәуелсіз журналист.


 

 

 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости