Түркістанда тағлымды шара өтті

Dalanews 15 июл. 2017 06:08 1072

2017 жылдың 14 шілдесінде Әжімбет бидің «Әзірет Сұлтан» кесенесінде жерленген тұлғалар тізіміне енгізілуіне орай салтанатты жиын өтті.

Жиынға белгілі қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов, «Түркістан қалалық ҰОС және еңбек ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж. Құлбайымбетов бастаған зиялы қауым өкілдері, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкерлері және алыс жақын өңірлерден келген Әжімбет бидің ұрпақтары қатысты.

Ел билеген хандарымыз, елді жаудан қорғаған батырлар, ел мен елді жарастырып, ауызбіршілікті нығайтып отырған билер мен игі жақсылар өздерін көзі тірісінде Ұлы бабаның қасына әкеліп жерлеуді өсиет еткен.

Солардың бірі – Арғын тайпасының Атығай тобынан тарайтын, бек атанған, қолбасы болған Бағыс атты көрнекті тұлғаның немересі Қыдырұлы Әжімбет би, ол ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген ел ағасы. Кейінгі жүріп-тұрған жері Көкшетау өңірі, Ертіс алқабы, Сырымбет саласы.

Әжімбет би өз заманында ел үшін талай айқасқа түскен, даулы жиындарда әділдікті жақтаған, қара қылды қақ жарған әділеттігімен елдің құрметіне бөленген тұлғалардың бірі. Оны өз замандастары «Абылайдың алдың көрген» деп қадір тұтып, үнемі топты ортада төрге оздырыпты.

Әжімбет би ұрпақтарының ұйымдастыруымен баба рухына арнап құрбандық шалынып,көпшілікке ас берілді.

Баба ұрпақтарын бастап келген Жәнібек Кәрібжанов ағамызға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір Ұлы бабаның кесенеде жерленгенін айғақтайтын сертификат пен музейдің баспа өнімдерін табыстады. Асқа жиналған көпшілік қауымға «Арғын Атығай Бағыс Әжімбет би» атты кітапша таратылды.

 

Д.ҚОЖАМҰРАТОВ

Рекомендовать
Последние новости