Құлыбаевтың шетелдегі активіне қауіп төнді

Көркем Алдабергенова 04 мая 2024 11:34 9271

Құзырлы органдар Тимур Құлыбаевтың шетелдегі активтерін қайтарумен айналысып жатыр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Шынымды айтсам, активтерді қандай әдіспен қайтарып жатқанынан бейхабармын. Екіншіден, депутат ретінде президент жүргізіп отырған саясатқа зиян келтіруім мүмкін. Әңгіме ескі Қазақстан өкілдерінің жан-жағындағы адамдарға, яғни Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты болса, президент Тоқаев пен экс-президент арасында кейбір нюанстар, келісімдер болған шығар. Назарбаев мырза 2019 жылы 19 наурызда кеткен кезде сол кезде бір келісімдер болған шығар. Оның үстіне Ресейдің, Путинннің ықпалын да ескеру керек", - дейді Ермұрат Бапи Elmedia-ға берген сұхбатында.

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловтың отставкаға кету не кетпеуі туралы ойын айтты.

"Бас прокурорды отставкаға жіберу немесе тағайындау президенттің құзырында. Тіпті парламент бас прокурорды тағайындауға араласпайды. Сондықтан ел президенті батыл әрекет етуі керек. Ең маңызды саяси шешім болуы керек. Ал Бас прокурордың жұмысына айтылар сын көп. Менде бас прокуратура тарапынан жариялауға жатпайтын істер бар деген ақпарат бар. Бірақ активтерді қайтару бойынша комитет бас прокурорға бағынатындықтан қоғам тарапынан сын бас прокурорға айтылады. Депутаттар активтерді қайтару туралы заңның басы-қасында жүргендіктен, ол заңның орындалуын да қадағалау керекпіз. Тіпті бас прокуратурадан есеп сұрауымыз керек. Бірақ артық ақпарат жоқ, бәрі жасырын істеліп жатыр. Активтерді қайтаруға кім өз еркімен келісті? Қанша актив қайтарылды? Мұның бәрі халықтан жасырын ұсталып отыр", - дейді депутат.

Еске салайық, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи Тимур Құлыбаевқа тықыр таянғанын айтқан болатын. Бапи Halyk Bank-тен "АЛМЭКС" Холдингтік тобы" АҚ пайдасына 200 миллиард теңге дивиденд төлеу Тимур Құлыбаев пен оның әйелі әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева үшін Қазақстаннан актив шығарудың бір тәсілі болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, ол қазірдің өзінде тиісті органдар миллиардермен айналысып жатқанын мәлімдеді. 

"Дұрыс айтасыз (Құлыбаев Қазақстаннан дивидендтер түрінде 200 миллиард теңгеге жуық актив шығаруы мүмкін екенін - еск). Жалпы "Халық банк" мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілуі керек деп ойлаймын. ... Сондықтан, менің ойымша, "Халық банк" активтерді қайтару туралы заң негізінде тексерістен өтуі керек.

Менде қазір тиісті органдар Тимур Құлыбаевқа қатысты жасырын тексеріс жүргізіп жатқаны туралы ақпарат бар. Құдай қаласа, бұл органдар осы істі соңына дейін жеткізеді деп ойлаймын. Сол кезде білеміз", - деді Бапи ҚазТАГ-қа Мәжіліс кулуарында.

Оның пайымдауынша, "Халық банк" дивидендтер төлеу туралы хабарламаны жариялаған уақыт бекер таңдалмаған.

"Елде су тасқыны болып жатқан кезде көп қаражат қалпына келтіруге, шығындарға, үйлер салуға кетеді. Сарапшылардың кейбір есептеулері бойынша шамамен 700-800 миллиард теңге кетеді. Шамамен. Ал сондай сәтте "АЛМЭКС" тобынан екі адам елден шамамен 200 миллиард теңге шығарады. ...Бұл әдейі жасалып жатқан сияқты", - деді ол.

Депутат бұл кек мәселесі екенін де айтты.

Halyk Bank 277 миллиард теңгеден аса дивиденд төлеуге шешім қабылдаған еді. Оның шамамен 193 миллиард теңгесін Тимур Құлыбаев пен оның жұбайы – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева басқаратын “ALMEX Holding Group” АҚ алады.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Халық банкінің жай акцияларының 69,52 пайызы "АЛМЭКС" холдингтік тобына тиесілі. Осылайша Құлыбаевтар компаниясы 192,8 миллиард теңге дивиденд алады.


Рекомендовать
Последние новости