Ресейде “адыраспан” шөбін тасымалдаған Орта Азияның екі азаматы ұсталды

Қаракөз Амантай 29 апр. 2024 18:20 2101

Ресей қауіпсіздік күштері Қазақстан мен Орта Азиядан келген жолаушылар мен жүргізушілерді адыраспан шөбін тасымалдағаны үшін ұстай бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"17 сәуірде Петуховский ауданында Ресей Федерациясының Қорған және Түмен облыстары бойынша федералдық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері автобақылау бекетінде Азия республикасынан кірмек болған автокөлікті тексеру барысында шамамен 120 грамм болатын адыраспанды тапты. Олар құрамында есірткісі бар затты тасымалдамақ болған 51 жастағы әйелді анықтады. Ал 24 сәуірде көрші мемлекеттің 37 жастағы азаматы басқарған DAF жүк көлігін тексеру кезінде 50 грамм адыраспан өсімдігі табылған", - делінген РФ Ішкі істер министрлігінің Қорған облысы бойынша департаменті таратқан хабарламада.

Осы тұста Ресей ІІМ "Петуховский" муниципалитетаралық басқармасының тергеушісі РФ Қылмыстық кодексінің 229.1-бабының 3-бөлігінде "Есірткі, психотроптық заттардың контрабандасы" тармағында көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғаған.

"Тыйым салынған шөпті тасымалдағаны үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Бұл азаматтар Ресей Федерациясының Қылмыстық-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес ұсталды", - деп түсіндірді ресейлік полиция.

ҚР ІІМ баспасөз қызметі ҚазТАГ редакциясына Қазақстанда “адыраспан” деген атпен белгілі өсімдіктің заңсыз айналымына Ресейде ақпан айынан бастап тыйым салынғанын растады.

Осыған орай Қазақстанның тәртіп сақшылары халыққа үндеу жолдады. Айтуларынша, Ресейге адыраспан жеткізген азаматтар 1 миллион рубльге дейін айыппұлмен 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

"Жоғары мөлшердегі өсімдіктерді тасымалдағаны үшін (30 грамнан жоғары) Ресей заңнамасы бір миллион рубльге дейінгі айыппұлмен 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Өсімдікті аса ірі мөлшерде (3000 грамнан) әкелгені үшін жаза бір миллион рубльге дейін міндетті айыппұлмен 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қамтиды",- деді Қазақстан Ішкі істер министрлігі.

Сонымен қатар ІІМ шетелге шығуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына баратын елдің заңнамасын сақтауға шақырды.

“Шет елдерде тыйым салынған заттар тізіміне енуі мүмкін өсімдіктерді немесе дәрілік заттарды тасымалдау кезінде ерекше сақ болу керек”,- деп ескертті ІІМ.

Айта кетейік, адыраспан – Шығыс Еуропа мен Орта Азияның жартылай құрғақ далаларында өсетін, емдік қасиеті бар көпжылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда, Орталық Азия елдерінде, сондай-ақ Иран мен Әзірбайжанда адраспанды хош иісті зат ретінде пайдаланады.


Рекомендовать
Последние новости