Қостанай облысында егін жинау науқаны басталды

Ақтоты Жапатова 15 авг. 2025 17:20

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысы әкімдігімен бірлесіп, егін жинау барысымен таныстыру мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Пресс-тур қатысушылары тиімді егіншілік, мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдалану және өндіріске инновацияларды енгізудің табысты үлгілерін көрсетіп жүрген екі ірі шаруашылық — «Темте» ЖШС және «Агропарасат» ЖШС-не барды.

2025 жылы «Темте» 14 мың гектар алқапқа егін ексе, оның 8 мың гектарын — дәнді дақылдар, 4 150 гектарын — майлы дақылдар, 900 гектарын — бұршақ тұқымдастар, 950 гектарын — мал азығы дақылдары құрады. Дәнді дақылдар алқаптарын 40%-ға қысқарту есебінен майлы дақылдар егісін екі есе арттыруға мүмкіндік туды.

«Биыл біз 45 тонна элиталық тұқым және бірінші репродукциялы бидайдың 730 тонна тұқымын сатып алдық, бұл сорт алмастыру мен сорт жаңартуды 70%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Еңбек өнімділігін арттыру — біздің басым бағытымыз, сондықтан жыл сайын техника паркін жаңартып келеміз. Биыл 1,2 млрд теңгеден астам сомаға төрт кең ауқымды егіс кешенін және бес шетелдік комбайн сатып алдық. Техникаға, тыңайтқыштарға және өсімдіктерді қорғау құралдарына берілетін субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау — негізгі рөл атқарады», — деді «Темте» ЖШС директоры Нұрлан Төлепов.

Өткен жылы шаруашылық 260 тонна минералды тыңайтқышты 60% жеңілдікпен алып, бұл ағымдағы маусымдағы өнімділікке оң әсер етті.

Азамат Жолаушыбаев басқаратын «Агропарасат» шамамен 5 мың гектар егістік алқапты өңдеп, жалпы жер қоры 7 мың гектарды құрайды. Егіс құрылымында — жаздық және күздік бидай, түйежоңышқа, сұлы, зығыр, жасымық, жоңышқа, эспарцет және бидайық бар.

«Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу техника паркін жаңғырту және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқасында мүмкін болды. CLAAS тракторын және Forsche егіс кешенін сатып алдық, жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша 150 млн теңге алдық», — деді Азамат Жолаушыбаев.

Кәсіпорында PETKUS дән тазалау жабдығы, жалпы ауданы 6 мың шаршы метр қоймалар және газбен жұмыс істейтін астық кептіргіш бар, бұл өнімді сапалы өңдеуге және сақтауға мүмкіндік береді.

2025 жылы Қостанай облысында егін жинау жұмыстары 5,1 млн гектар алқапты қамтиды, оның ішінде дәнді дақылдар — 4 081,3 мың га, майлы дақылдар — 873,5 мың га.

Агрономдар мәліметінше, қолайлы ауа райының арқасында дәнді дақылдардың 63,1%-ы және майлы дақылдардың 64,1%-ы өте жақсы жағдайда.

Егін жинау науқанына 7,9 мың астық жинайтын комбайн және 8,2 мың жүк көлігі жұмылдырылған. Өңірдегі астық сақтау сыйымдылығы — 8,3 млн тонна.

2025 жылы өңірдің АӨК-ін дамытуға 207 млрд теңге бөлінді (2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп), оның ішінде 47,3 млрд теңге — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын субсидиялауға, 62 млрд теңге — жеңілдетілген несиелендіруге бағытталған.

Қостанай облысы дәстүрлі түрде Қазақстанда дәнді және майлы дақылдар өндіру бойынша көшбасшы орында. Мемлекеттік қолдау, заманауи технологияларды енгізу және агроқұрылымдардың тұрақты дамуын үйлестіре отырып, өңір жоғары көрсеткіштерін сақтап, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып келеді.


Рекомендовать
Последние новости