Жетісу облысының экономикасына үш жылда 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды

Ақтоты Жапатова 15 авг. 2025 12:35

Соңғы үш жыл ішінде Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында негізгі салалар бойынша оң динамика сақталды. Бұл ретте 2022–2024 жылдар аралығында өңірге 1,2 трлн теңге инвестиция тартылған, оның ішінде жеке инвестициялар – 808,5 млрд теңге. Осы кезеңде 135 жоба іске асырылып, 3,8 мың жұмыс орны ашылған,- деп хабарлайды Dalanews.kz

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында да оң өсім сақталып отыр: ауыл шаруашылығы саласында өсім – 3%, өнеркәсіп өндірісі – 7,9%, тұрғын үйді пайдалануға беру - 10,6%, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,4 есеге артты. 178 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 29,5%-ды құрады, оның 130,2 млрд теңгесі – жеке инвестициялар, нақты көлем индексі – 125,1%.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Соның нәтижесінде 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық портфель қалыптастырылып, оған жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 128 жоба енгізілді, бұл жобалар 10,6 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Аталған жобалардың ішіндегі ірілерін атап өтсек, қуаттылығы жылына 860 мың тонна мыс концентратын өндіретін тау-кен байыту комбинатының құрылысы, жалпы ауданы 1000 гектар болатын «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» индустриялық паркі, қуаты жылына 2 ГВт болатын (250 жиынтық турбина) жел электр станцияларын шығаратын зауыт, жүк айналымы 50 мың тонна және жолаушылар өткізу қабілеті сағатына 500 адамды құрайтын халықаралық жүк-жолаушылар әуежайы.

Бұл ретте облыс құрылғаннан бері өндірістік аккумулятолар, газоблок кірпіштер, күн панельдерін шығаратын зауыттар, сол сияқты жалпы қуаты 150 МВ жуықтайтын жел және су электр станциялары іске қосылды.

- Жетісу облысында жыл сайын жаңа кәсіпорындар іске қосылып жатқаны қуантады. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ішкі нарықты ынталандыруға, облыс экономиканының тұрақты дамуына ықпал етеді. Біз өз тарапымыздан өндіріс қуатын арттырып, жаңа тиехнологиялар енгізуге, шығаратын тауар түрлерін көбейтіп, өнім сапасын жақсартуға тырысып келеміз. Жалпы тұрақты даму – негізгі мақсатымыз, - деді «Темірбетон» ЖШС директоры Азат Ерғалиев.   

Сондай-ақ өңірдің инвестициялық, көлік-логистикалық және транзиттік әлеуетін дамытуда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына (ШЫХО), «Достық» шекаралық станциясы мен кеден бекеттерінің рөлі үлкен. «Қорғас» ШЫХО ашылғалы бері Орталықта сервистік және инженерлік инфрақұрылым жақсартылды. Соның нәтижесінде 2023–2024 жылдар аралығында орталыққа 3,4 млн адам келіп-қайтқан, 7,9 млрд теңгеге билет сатылды, жүк тасымалының көлемі 70,2 мың тоннаға жетті, мемлекеттік бюджетке түсім 44 есе артып, 7,2 млрд теңге түсім түскен. Бұл ретте 2022 жылдан бүгінге дейін жобалар саны 18-ден 45-ке дейін өсті, ашылған жұмыс орнының саны 3,6 мыңды құрады, ал тартылған инвестициялар көлемі 3 есеге: 83 млрд. теңгеден 259 млрд.теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-дағы өндіріс көлемі 2023 жылы 26,9 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе артты. Соңғы үш жылда бұл аумақтағы жобалар саны 14-тен 64-ке дейін ұлғайып, 4,5 есеге артты, соның нәтижесінде 7,5 мың жұмыс орны ашылып, тартылған инвестиция көлемі 600 млрд теңгеден асты.


Рекомендовать
Последние новости