Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі отырысы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Руслан Желдібай отырыс қорытындысы туралы айтты.
"Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында наркотизмге қарсы күрес мәселелері қаралды. Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық штабты Ішкі істер министрлігінің қарауынан алып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейіне көтеруді тапсырды. Бұл нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресті жандандыруға, сондай-ақ, тиісті мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты анағұрлым тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді", - деді ол.