Қазығұртта төрт түліктің саны өсіп келеді

Dalanews 15 окт. 2018 10:17 855

"Малым жанымның садағасы" дейтін қазақ үшін төрт түлік мал берекенің басы, байлықтың, табыстың көзі. 

Осы қағиданы есепке алған Қазығұрт ауданының шаруақожалықтары аудандағы мал басын көбейтуде көз қуантарлық жетістіктерге жетуде. 

Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, қазығұрттық кәсіпкерлер «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларының игілігін көріп жатыр.

– Облыс және аудан әкімдіктері, ауыл шаруашылығы басқармасы арасында үшжақты келісім бар. Осының нәтижесінде бізге белгілі бір меже беріледі. Біз бұл межеден асып түстік. Бүгінде біз мал басын көбейтудің жылдық жоспарын орындадық. Ірі қара 5 мыңға өсті, қой – 24 мың, жылқы 1,5 мыңға артты. Бұл – осы соңғы тоғыз айдың есепті көрсеткіші.

Мал өнімін экспортқа шығару жөніне келсек, биылдың өзінде көршілес Өзбекстанға 1000 тонна ірі қара мал, 300 тонна қой еті жөнелтілді. Басты жеткізушіміз – ірі қара мал бордақылаумен айналысатын «Қайып ата» ЖШС-і, – дейді Төлеген Телғараев.

Ауданда сонымен қатар өсімдік майының өндірісі де өркендеуде. Биылғы Қазығұртта өндірілген өсімдік майы Қытайға, жүзім Ресейге, астық Ауғанстанға жіберілген. Егістіктегі көрсеткіштер бойынша аудан «Агрофест» бәйгесінде жыл сайын үздіктен қатарынан көрінеді.  Биыл 42 мың гектардан 103 мың тонна астық жиналған. Орташа есеппен, әрбір гектарынан 24,5 центнерден өнім алынған екен.

Рекомендовать
Последние новости