Сайрам ауданы кәсіпкерліктің өркендеуіне қолайлы жағдай туғызып отыр

Dalanews 15 окт. 2018 10:16 746

Экономиканың күретамыры – кәсіпкерлік. Шағын және орта бизнес өркен жайға жерде жұмыссыздық азайып, халық Үкіметтің алақанына қарайтын кіріптарлықтан құтылады. 

Түркістан облысы, Сайрам ауданының кәсіпкерлері осы қағиданы берік ұстанады екен. Жыл басынан бері ауданның экономикалық көрсеткіші өсіп, өндірісі алға басуда. Аудан әкімі Бақтияр Мамаевтың айтуынша жыл басынан бергі сегіз айда ауданда 28,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Әкімдік ауданның даму тұғырнамасына сәйкес жыл аяғына дейін өнім өндіру көлемін 38 млрд. теңгеге жеткізуді көздеп отыр. 

Аудандағы өңдеу өнеркәсібі өркен жайып келеді.  Өңдеумен айналысатын жаңа кәсіпорындар ашылуда, ал жұмыс істеп жатқандарының көкжиегі кеңейуде. Айталық, Әйтеке би ауылындағы «DALA FRUІT.KZ» кәсіпорны қарқынды бау жобасын ұлғайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цехты іске қосты, осының нәтижесінде қосымша 13 жұмыс орны ашылды. Ақсу ауылында «ALATEX» кәсіпорнының тігін цехы іске қосылып, 17 адам жұмысқа тұрды. Бұдан бөлек «Рахманқұлов» және «Bella Mebel» жиһаз фабрикасының өнім өндіру көлемі ұлғайтылып, қосымша 23 адам екі қолға бір күрек тапты, – дейді аудан басшысы.

Аудан мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді түрде атсалысуда.  Индустрияландыру картасының «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау" жобасына Сайрамда жалпы құны 7,8 млрд. теңгелік 13 жоба енген, әзіргі таңда 8 жоба іске қосылып, өнім өндіруде. Бұларға 400-ге жуық жұмыс орны ашылған.

Биылғы жылдың аяғына дейін аталған бағдарлама шеңберінде жалпы құны 2 млрд. теңгені құраған «Бірлік-4» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кешен құрылысы іске қосылмақ. Бұл өз кезегінде жаңадан 150 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. 


 

Ауданның тіршілігінде ілгерілеу барын байқаған инвесторлар да Сайрамға қаржы құюға құлықты. Аудан әкімінің дерегінше,  2018 жылдың 8 айында ауданға 11,7 млрд.теңге инвестиция тартылыпты. 

Рекомендовать
Последние новости