Қазақстандықтардың табысы азая бастады

Көркем Алдабергенова 11 нояб. 2024 17:20 1646

Қазақстандықтардың табысы азая бастады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросының соңғы есебі бойынша, үшінші тоқсанда орташа жалақы 390 мың теңге болды. Бұл үш ай бұрынғымен салыстырғанда 13 мың теңгеге аз (403 251 тг).

Орташа жалақы Атырау (6,1) мен Қостанай (0,2) өңірлерінде өскен. Түркістан облысында 17,8 пайызға төмендеген. Жамбыл мен Қызылорда өңірлерінде де 13,4-10 пайызға азайған.

Ең жоғары орташа жалақы Атырау облысында – 630 894 теңге.

Ең аз орташа жалақы Жетісу облысында – 280 464 теңге.

Еске салайық, бұған дейін Қаржы минстрі Мәди Такиев және Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда жалақы неге аз екенін түсіндірген болатын.

Министр бүгінгі таңда 100-150 мың аралығындағы жалақыны қазақстандықтардың 35 пайызы алатынын айтты. 

"300-600 мың аралығында 36 пайызы алады. Бүгінгі таңда экономиканың көрінісі сондай. Жалпы көп көмек беріліп жатыр. 2-3 жылдың ішінде мұғалімдер, дәрігерлердің жалақысы көтерілді. Әлі де көбейеді деп сенеміз. Одан басқа ең төменгі жалақы 85 мың теңге", - дейді Такиев. 

Ал Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикалық сектордағы жалақы өндірістің өнімділігіне байланысты екенін айтады. 

"Жалақы бір орында тұрған жоқ. Кәсіпорындар табысы артқан сайын қызметкерлердің жалақысын көтеруге тырысады. Екінші жағынан мемлекеттік қолдау шаралары кезінде қойылатын талап - қызметкерлерінің жалақысын көтеріп қоюы қажет. Егер бюджет саласы жайлы айтар болсақ, өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары бюджет есебінен мемлекеттік, азаматтық қызметкерлерге жалақыны көтеру жұмыстары жүргізілді. Әлі де жүргізіліп жатыр. Сондықтан бюджеттің мүмкіндігінше халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жұмысты жалғастырамыз", - дейді Байбазаров.  


Рекомендовать
Последние новости