Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов команданың нәтижесін жақсарту үшін қандай өзгерістер қажет екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бұл ақталу емес, бірақ біздің ешқандай артықшылығымыз болмады. Астанадағы синтетикалық алаңда ойнау мүмкіндігінен айырылдық, ал ол бізге белгілі бір басымдық берер еді. Бұл мәселеге мен келгенге дейін ешкім назар аудармаған. Күнтізбе тығыз жоспарланғандықтан, дайындыққа қосымша уақыт қарастырылмаған. Бұрын мұндай мүмкіндік бар еді. Келесі жылы Астанаға ораламыз деп үміттенемін, дегенмен Алматыда бізге қолдау көрсеткендерге алғысым шексіз. Алайда синтетикалық алаңның болмауы біздің дайындық деңгейімізге әсер етті. Регламент бойынша жаттығу уақыты шектеулі. Мәселен, Австрияға сапар алдында екі-ақ күн дайындалдық.
Мен құрамаға келген кезде оның жағдайы елеусіз қалғанын байқадым. Қосымша дайындық күндерін сұрап, тиісті құжаттар тапсырдым. Бүгін бірнеше жас ойыншы, соның ішінде Қасым мен Астанов, өздерін көрсетуге мүмкіндік алды. Келесі циклде осы қадамдардың нәтижесін көретінімізге сенемін", – деді Черчесов Sports.kz порталына жасаған мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, ресейлік маман бас бапкерлікке келгеннен бері Қазақстан құрамасы бес ойында жеңіліп, бір кездесуде тең түсті.
Айта кетейік, бұған дейін Черчесов көпшіліктің сынына іліккен еді. Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір: "Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?" деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.
Одан кейін көпшілік Станислав Черчесовтің мұнысын қазақ тілін кемсітуге балап, әлеуметтік желіде осы сұқбаттың видеосын жаппай бөлісе бастады. Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бей-жай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдады. Көп ұзамай Черчесовке айыппұл салынғаны белгілі болды. Парламентте бұл жайлы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов мәлім етті. Туризм және спорт министрі осы жағдайлардан соң елді сабырға шақырып, желіде жазба жариялады.