Қазақ тілі үшін сөзге қалған Черчесов қалай жазаланды?

Көркем Алдабергенова 16 қаз. 2024 16:40 3723

Қазақ тілі үшін сөзге қалған Станислав Черчесовке айыппұл салынды. Парламентте бұл жайлы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов мәлім етті,- деп хабарлайды Dalanews.kz Qaz365.kz-ке сілтеп. 

«Ол жерде бас бапкер журналиспен тек әзілдескен. Мен оған түсіндірдім. Ендігәрі ондай қателіктер болмайды. Мен сол үшін елдің алдында жауап беріп отырмын. Черчесовке ішкі тексеріс болғаннан кейін айыппұл салынды. Этика жөнінде жұмысты жалғастырамыз», - деді Бәрменқұлов.

Кешелі бері әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы видео тарады. Осыған қатысты Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдаған. 

Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың – французша ма?» деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар