“Кәсіби қызметіне қарап бағалайық”. Мырзабосынов Черчесовтің “әзіліне” қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 18 қаз. 2024 11:28 3657

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілінде сұрақ қойған журналисті келемеждеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Әрине, Станислав Черчесовтің “француз тіліне” қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де жақсы түсінеді. Дегенмен Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Сондықтан оны ең алдымен кәсіби қызметіне қарап бағалауға шақырамын”, – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар Ербол Мырзабосынов қазақ халқының қонақжайлығы мен дархан мінезін атап өтті.

“Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттеріміз. Сондықтан бұл мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытуымыз керек. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін, толерантты әрі өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсетуіміз қажет”, – деді министр.

Министр Станислав Черчесовтің халықаралық деңгейде танымал футболшы және 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби бапкер екенін атап өтті.

“Ол қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін”, – делінген жазбада.

Айта кетейік, бұған дейін Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске “сен француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?” деп келемеждегені үшін 738 мың теңге айыппұл салынған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар