Қазақстан мен Ресей "ажырасудың" алдында тұр – сарапшы

Dalanews 30 дек. 2021 13:09 1078

Әр жыл сайын Ресейде жүздеген журналист жиналып, Кремль көсемінің пәлсапасын тыңдайды. Путинмен кездесуге негізінен билікшіл, антибатысшыл, импершіл басылымдар шақырту алады.  

Бұл жолғы кездесуде де Путин баяғы әдетіне басып шетелді шиырлап кетті. Ресейдің бақытсыздығын АҚШ-тан көрді. Уыстан шығып кеткен Украинаны айыптады. Орта Азия, соның ішінде Қазақстанды сөз етті.

Баспасөз жиынына қатысқан Qazaqstan телеарнасының тілшісі Индира Бекайдар Владимир Путиннен Қазақстанға мемлекеттік сапармен қашан келетінін және екі ел арасындағы байланыстар жайлы сұрады.

Президент Қазақстанның Ресей үшін ең жақын одақтас екенін, екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде жалғасып жатқанын айтты.

Әсіресе, экономикалық байланыстың орныққанын жеткізді.

Әр нәрседен астар іздейтін ресейлік ақпарат құралдары Қазақстанды тілге тиек еткен Путиннің Тоқаев туралы жақ ашпағанын аңғарып үлгеріпті.

"Путин екі елдің арасындағы достыққа Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың айрықша ықпал еткенін атап өтті. Сөй дей отыра Қазақстанның қазіргі президенті Тоқаевты елеп ескермеді", – дейді «Новая газета».


Осы елдегі орыс тілінің ахуалына баға берерде – отыз жыл бойы орыс тілінің ресми статусын сақтап келген экс-президентке алғыс білдірді.

«Қазақстанда қанша адам орыс тілінде сөйлейтінін өзіңіз де жақсы білесіз. Қазақстан – орыстілді ел. Онда орыс мектептері көбейіп келеді. Ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары да көптеп ашылып», – деді Владимир Путин.

Кремль қаржыландыратын пропаганда құралдары Назарбаев биліктен кеткелі екі елдің арасындағы сыйластыққа сызат түскенін айтуда. Бұған Тоқаевтың Түркі елдеріне тым көп арқа сүйейтіні, Тоқаев келгелі түркі кеңістігінің өрісі кеңейіп жатқаны себеп.

Тоқаевтың тұсында Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл да үдей түскен. «Мылтықсыз майданға» әбден төселген Кремль идеологтары Дума депутаттарын алдыға салып, елдің территориялық тұтастығына күмән келтіретін пікір айтқызуда.

«Тоқаевтың тұсында «Тілдік патрульдер» пайда болды. Оның аржағында Ақ Орданың төбесі қылтияды. Қазақстан билігі ұлтшылдармен ауыз жаласқан», – дейді ресейлік масс-медиа.

Айта кетелік, биыл тамызда Ресейдің билікшіл басылымдары мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткен "Til Maydani онлайн партиясы" Youtube арнасының авторы Қуат Ахметовтің және сол сияқты белсенділердің видеоларын "орыстар мен орысша сөйлейтіндерді жек көру" деп бағалаған. Оның арты Мәскеу Қуат Ахметовтің Ресей аумағына кіруіне 50 жылға тыйым салды. Қазақстанның құқық қорғау органдары Қуат Ахметовтің үстінен қылмыстық іс қозғап, белсенді Киевке кетуге мәжбүр болған.

Түркі кеңесінің саммиті қарсаңында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанда орыстардың қуғын көріп жатқанын әрі ксенофобия күшейіп тұрғанын мәлімдеген.

Депутат Дариға Назарбаева Лавровқа қарсы жауап қатып, ресей дипломатының артық кеткенін астарлап айтқан еді.


«Ресейдің өзінде де айтарлықтай қоғамдық наразылық тудыратын және Ресей мемлекетін жағдайға сай әрекет етуге мәжбүрлейтін “ксенофобиялық көріністер” арагідік төбе көрсетіп жатады», – деген еді Назарбаева.

...

Танымал саясаттанушы Аркадий Дубновтың айтуынша Ресейдің Қазақстанды түртпектеп отыруы тегін емес. Қазақ билігіне, ең алдымен қазақтардың көңіліне тиетін мәлімдеме жасау арқылы Кремль Нұр-Сұлтанды тежеп отырғысы келеді.



«Өркениет көшіне ілескісі келетін, озық технология мен инновациялық жаңашылдыққа ұмтылатын Қазақстанның белсенділігі Кремль идеологтарына ұнамайды. Көсегесі көгергенін қаламайды. Одақтасын байлап-матап ұстағанды жөн көреді.

Ресей элитасы үшін Қазақстанның өзгермегені, өркениетке ұмтылмағаны, осы елдегі орыстілді аудиторияның азаймағаны керек. Қазақстандағы орыстілді кеңістік саяси әрі қаржылық ықпалын сақтаудың амалы», – дейді Дубнов.


Сарапшының пікірінше Тоқаев келгелі Қазақстан Ресейдің ықпал ету орбитасына шығуға талаптанып жүр. Мәскеу мұны диверсия деп қабылдайды. Тұтастай алғанда Кремль Орта Азия елдерінің дербес саясаты болуы мүмкін дегенді мойындамайды.

«Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан Ресейден бөлек өзге де одақтастарды іздеуге тырысуда. Соның ішінде Түркияның орны бөлек. Ердоған Тоқаевтың қолтығына су бүркіп отыр. Бірақ бұл Қазақстанды аяқтан шалудың көрінісі емес. Түркия Түркі мемлекеттерінің одағын құруға мүдделі. Бұған алдымен Орта Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үн қосып, белсенділік танытуы керек», – дейді Дубнов.

...

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше уақыт озған сайын Қазақстан Ресейден алыстай түседі. Таным мен талғам, құндылық пен көзқарас тұрғысынан орыс пен қазақ үйлесе бермейді. Оның үстіне қазақтардың саны үздіксіз өсуде, елдің егесі саналатын ұлттың үлесі 70 пайыздан асып жығылған.

Әйтсе де Ресейдің тартылыс күші күшті. Мәскеу Қазақстанды өз ықпалынан шығармас үшін, небір-небір зымияндыққа баруға әзір.


Ресейдің Қазақстанның оңтүстігінде АЭС салу жобасын насихаттауы тегін емес. Елдің электронды үкіметін «Сберге» тапсырудың артында да үлкен астар бар.

"Қазақстан мен Ресей «ажырасудың» алдындағы ерлі-зайыптылар секілді. Олар әлі де болса бірге өмір сүруге үмітті, бірақ күн өткен сенім семіп барады. Күндердің күні екі жаққа кетіп тынады. Кремль Нұр-Сұлтанды отыз жыл бойы уысында ұстап келді. Бірақ бір жайтты есепке алмады. Қазақстанда буын алмасу процесі жүрді. Құндылық өзгерді. Ресей өз абыройын өзі құртып, агрессор атанды. Ресей дипломатия тілінде сөйлесе алмайды.

Екі елдің арасындағы айырмашылық жыл өткен сайын айқын білініп отыр. Тоқаев пен Путиннің арасы салқын. Назарбаевтың тұсындағы барыс-келіс күрт азайған, сыйластыққа сызат түскен", – дейді Сәтпаев.

Оның пікірінше екі елдің арасын жалғап, жылықабақ танытып отырған жалғыз адам – Назарбаев. Оның көзі кеті кеткені үні Қазақстан мен Ресейдің арасындағы байланыс біртіндеп сөгіле бастайды.

 

Қуаныш Рахметоллаұлы




Рекомендовать
Последние новости