Қарасаевтың ұсталуы: қоқыс полигонының тағдыры не болмақ?

Көркем Алдабергенова 17 дек. 2024 09:23 625

Алматы облысындағы Іле ауданында қоқыс өңдейтін зауыттың құрылысының тағдыры белгілі болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Зауыт Іле ауданындағы қоқыс полигонында салынуы тиіс болатын. Алайда аталған полигонға байланысты аудан әкімі Бағдат Қарасаевқа қылмыстық іс қозғалды.

Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биыл күзде ұстады. Прокуратураның мәліметінше, әкімнің ұсталуы Іле ауданындағы қоқыс полигоны қызметінің бірлескен тексерісімен байланысты. Антикордың ақпаратына сәйкес, ол "қоқыс полигонын сенімгерлік басқару құқығын өзіне қатысы бар компанияға беру арқылы қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды" деген күдікке ілінген.

Әкім ұсталғанға дейін, яғни 2024 жылдың 25 шілдесінде, Іле ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағында болашақ зауыттың іргетасы қаланған болатын.

Редакцияның сұрауына жауап ретінде Алматы облысының әкімдігі қоқыс полигонын сол "ADC Taza Alem" ЖШС компаниясы басқарып отырғанын және қазіргі уақытта қоқыс өңдейтін зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын хабарлады.

"Нысан құрылысы жобаның оң сараптамалық қорытындысы алынғаннан кейін ғана басталуы мүмкін. Электрондық сауда-саттықтың №146999 хаттамасына сәйкес, 2020 жылдың 11 ақпанында полигон "ADC Taza Alem" компаниясына сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген", – деп мәлімдеді облыс әкімдігі.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағы 34,3 гектар. Полигон күн сайын 100 тоннадан астам қоқыс қабылдайды.

Бұған дейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Бағдат Қарасаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірген болатын. 

Марат Сұлтанғазиев Бағдат Қарасаев аудан әкімі болғандықтан оның тікелей басшысы екенін атап өтті. 

"Бұл жайлы ақпарат алардан бұрын талқылаған болатынбыз. Кейін құқық қорғау органдарына тексеріс жүргізсін деп жібердік. Одан кейін Президен әкімшілігіне жұмыстан босату бойынша хат жібердік. Екіншіден, Қарасаевтың қай уақытта қызметтік өкілін асыра пайдаланғаны маңызды. Егер қоқыс полигоны туралы айтар болсақ, ол 2019 жылы кәсіпкерлерге қолданысқа берілген.

Бағдат Қарасаев жұмыстан босатылды, себебі оның қызмет ету мерзімі бітті. Айып тағылғанға дейін екі жылдық жұмыс мерзімі аяқталған. Ротацияға сәйкес, ол саяси қызметкер болғандықтан жұмыс істеу мезгілі бар. Мерзімі аяқталған соң кетті", дейді Сұлтанғазиев. 

Марат Сұлтанғазиев Бағдат Қарасаевтың қызметтік мерзімі оған айып тағылып, ұсталғанға дейін аяқталғанын атап өтті. Облыс әкімі бұл оқиғадан кейін өзінің отставкаға кетуі не кетпеуі туралы пікір білдірді. 

"Жалпы айып тағылғаннан кейін ол қызметкер болмады. Әрине, заңға бағынамыз. Егер бізді де жұмыстан босатамыз десе, саяси қызметкер болғандықтан ешқандай мезгілге де қарамайды", дейді Марат Сұлтанғазиев. 

Ол Іле ауданына жаңа әкім ретінде бірнеше кандидат ұсынылғанын айтады. 

"Сондықтан оның өзінің рәсімі бар. Содан кейін тағайындалады", дейді облыс әкімі.


Рекомендовать
Последние новости