Әне, Түркияны қараңыз! Қаржыгер "базалық мөлшерлемені төмендетейік" деп жүргендердің аузын жапты

Кәмшат Тілеухан 13 дек. 2024 10:12 951

Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығының (QAMS-тың) атқарушы директоры Данияр Темірбаев базалық мөлшерлемені төмендетейік деп жүргендерге сауатты түрде жауап қатты. Ол "ердоғаномиканың" кесірінен Түркияның бүгін қандай күйге түскенін айтып, Үкіметке "халық экономистері сымақтардың" жетегінде кетпеуді ескертті, деп жазады Dalanews.kz.

"Күні кеше Ресей орталық банк басшысы әскери адамша кесіп айтты. Егер ақша-несие саясатын жұмсартсақ, "инфляция алдында капитуляция" болады, - деді. Яғни, басты мөлшерлемені төмендеткен жағдайда (қазір оларда - 21%, Қазақстанда - 15.25%). Эльвира Набиуллина не айтатынын жақсы білетін адам. Ресейде де бұл ретте түрлі ұсыныстар айтылып жатады. Мәселен, инфляциялық таргеттеуден бір жола бас тартайық (инфляциямен күресу) дегендей. "Ставканы төмендетсек болды, бизнестің қағанағы қарық, сағанағы сарық болады", -  дейді популистер баяғы. Ресейдің орталық банкіне ауық-ауық барлық тараптан осындай қысым жасалып тұрады. Бірақ Набиуллина ханымға, біздің Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовке қарағанда, өз ұстанамын (солай болуы да керек) қорғау әлдеқайда оңай. Яғни, ол кісі өз дегенінен қайтпайды. Неге бұлай? Жалпы, Эльвира Набиуллинаның бұл лауазымға келгеніне 11 жылдан астам уақыт болыпты (2013 жылдың маусымынан бастап). Әрі президентінің толықтай қолдауына, сеніміне ие. Ал біздікілер ше? Набиуллина өз лауазымында отырған мерзімде Қазақстанда Ұлттық банктің бес төрағасы ауысыпты. Ал жиі-жиі ауыс-түйіс жағдайында басшының тәуелсіз болуы екіталай", деп жазады қаржыгер Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, қаржылық реттеуші органның тәуелсіз болуы - елдің қаржы жүйесіндегі нарықтардың оған сенім білдіруінде маңызды шарты болып табылады.

"Орталық банк саясаткерлердің айдағанына көніп, алдында құрдай жорғаласа (әсіресе популистік ұрандарға), экономиканың түбіне жеткен деген сол болады. Әне, Түркияны қараңыздар, не болып жатқанын? Орталық банк Ердоғанның қас-қабағына қарап, ұзақ уақыт бойы инфляцияны төмендетумен келді. Тіпті, бұл ретте "ердоғаномика" деген саяси термин де бар. Иә, сол "ердоғаномиканың" кесірінен Түркия екі саннан тұратын пайыздық инфляцияға және түрік лирасының оңбай құлдырауына тап келді. Әупірімдеп жүріп, әйтеуір естерін жиғаны дұрыс болды. Біздің елімізде де "ердоғаномика" саясатының жақтастары бар: ставканы төмендетейік, инфляция мәселесімен кейінірек айналысайық дейтіндер. Бұлай жұмыс жасалмайды, соны дұрыстап түсініп алыңыздар. Инфляцияны еске алған кезде мұндайда бәрі кеш болады. Қазақстанның экономикасына, қаржы секторына үлкен залал келіп, оған деген сенімнің жоғалуы елімізді бірнеше жылға (мүмкін ондаған жылдарға) артқа "лақтырады", деп сөзін толықтарады маман.

Оның айтуынша, басты (базалық) мөлшерлеме - инфляцияның көрінісі.

"Егер бетін қисық болса, айнаға өкпелеме деуші ме еді? Егер инфляция жоғары болса, онда мөлшерлеме де солай болады. Сондықтан бұл арада базалық мөлшерлемемен емес, инфляциямен күресу керек. Әйтпесе, Түркияның күйін кешеміз. Ал егер инфляциямен күреспесе не болады? Егер Қазақстан Үкіметі  "халық экономистері сымақтардың" жетегіне кетсе ше? Мұндайда "инфляция алдындағы капитуляция"  деген "көше демократиясы" іспетті сипатқа ие болады.  Иә, инфляцияның КЕДЕЙЛІККЕ САЛЫНҒАН САЛЫҚ деп аталуы кездейсоқтық емес. Одан, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтары зардап шегеді.  Сондықтан жоғары инфляция әрқашан әлеуметтік наразылық пен күйзелістің хабаршысы болып табылады", деп сөзін қорытындылайды Данияр Темірбаев.

Айта кетсек, Ұлттық банк 29 қарашада базалық мөлшерлемені 14,25-тен бірден 15,25%-ке дейін көтерді. Мұндайды Үкімет мүшелері мен қаржыгерлер қауымы да күтпеді. Көбісі базалық мөлшерлеме бұрынғы қалпында қалдырылады дессе, кейбірі оның көтерілетінін болжады, бірақ бірден 1%-ға емес.


Рекомендовать
Последние новости