Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі өз-өзіне қол жұмсамақ болды

Қаракөз Амантай 11 дек. 2024 09:36 611

Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён тергеу изоляторында өз-өзіне қол салмақ болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Ким Ён Хён Сеулдің шығысындағы тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Ол бұған дейін әскери жағдай енгізу арқылы елде бүлік ұйымдастыруға көмектеспек болды деген күдікпен қамауға алынған еді”, — делінген хабарламада. 

Агенттіктің мәліметінше, бұл туралы парламенттің тыңдау кезінде түзету мекемесінің өкілі мәлімдеген.

Айта кетейік, күні кеше Оңтүстік Кореяның прокуратурасы өткен аптада елде әскери жағдай енгізген президент Юн Сок Ёльмен астыртын сөз байласты деп айыпталған бұрынғы қорғаныс министрін ресми түрде жазалау үшін ордер сұраған еді.

Экс-шенеунік бүлік жасады деген күдікке ілінген.

Соңғы 40 жылда алғаш рет енгізілген әскери жағдай небәрі алты сағатқа созылса да, ел ішінде үлкен наразылық туындап, жаппай шерулер ұйымдастырылды. Юн мен оның жақтастары қылмыстық тергеуге алынып, импичментке ұшырамақ. Әділет министрлігі Юн мен тағы сегіз адамды негізгі күдіктілер деп танып, елден шығуға тыйым салды.

Сеулдің орталық округтік соты бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хёнды қамауға алу туралы прокурорлардың өтінішін қарап жатқанын хабарлады. Ким Юнға әскери жағдай енгізуді ұсынған және Ұлттық ассамблея депутаттарының дауыс беруіне кедергі келтіру үшін әскер жіберді деп айыпталып отыр.

Ким сейсенбіде мәлімдеме жасап, “елде туындаған қолайсыздық үшін өкінетінін айтып, кешірім сұрады”. Ол барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізді. Ал бұйрықты орындаған сарбаздарға кешірім беруін өтінді.

Ким жексенбіде қамауға алынды. Егер сот ордер берсе, ол бұл істе жазаға тартылатын алғашқы адам болмақ. Прокурорлар Кимді 20 күн ішінде тергеп, істің мән-жайын саралауы керек. Егер бүлік жасады деген айып дәлелденсе, Ким өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Прокуратура Кимді бүлікке қатысудың басты ұйымдастырушысы және Конституцияны бұзу мақсатында әскер мен полицияны пайдаланып бүлік ұйымдастырды деп айыптауда. Сондай-ақ ол билігін асыра пайдаланды деген күдікке де ілінді. Сеул прокуратурасы бұл айыптарға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады.

Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.

Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.

Араға ұзақ уақыт салмай ел президенті әскери жағдай енгізгені үшін халықтан кешірім сұрады.

Ол бұдан былай мұндай қадамдарға бармауға уәде берді.

"Шын көңілден халықтан кешірім сұраймын", - деді ол.

Ел президентінің айтуынша, мұндай шараға мәжбүрлі түрде барған.

"Әскери жағдай жариялауға байланысты жауапкершіліктен жалтармаймын", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости