Премьер коммуналдық қызмет тарифтері мен бағаларына қатысты тапсырма берді

Көркем Алдабергенова 17 дек. 2024 16:47 1415

Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдар коммуналдық қызметтер тарифтері мен бағаларының негізсіз өсуін бақылауы тиіс. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысы барысында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Кабмин мүшелері алдында сөйлеген Бектенов қараша айында жылдық инфляция 8,4 пайызға дейін баяулағанын еске салды. Премьер-министр инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар жоспарын орындау үшін қажетті барлық жұмысты атқаруды тапсырды.

«Бағалар мәселесінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оны қатаң бақылауда ұстауды сұраймын. Егер өңірлер тиісті шараларды қабылдамаса, Серік Макашұлы Жұманғаринге (премьер-министрдің орынбасары – ред.) маған жедел түрде баяндап отыруды тапсырамын. Бұл жұмыста бар механизмдерді белсенді пайдалану қажет: тұрақтандыру қорлары, форвардтық келісімшарттар, субсидиялау. Бұдан бөлек, импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту керек. Инфляция деңгейін бақылау және төмендету шаралары жоспарын орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған жөн. Біз экономика өсімінің оң динамикасын сақтап қалуымыз қажет. Министрлер мен әкімдерге бөлінген қаражаттың толық әрі уақтылы игерілуін ерекше бақылауға алуды тапсырамын», – деді Бектенов.

Сонымен қатар, премьер-министр салалық министрліктер мен өңірлерге «Инвестицияға айырбас тариф» бағдарламасын тиісті деңгейде іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Тарифтік саясатты теңгерімді түрде жалғастыру да маңызды, себебі ол тұтынушылық нарықтардағы бағалардың өсуіне әсер етеді. Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдар экономикалық және әлеуметтік құрамдас арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, коммуналдық қызметтер тарифтері мен бағаларының негізсіз өсуін бақылауы тиіс. Экономикалық саясат жөніндегі кеңес белгілеген тарифтер мен реттелетін қызметтер бағаларының инфляцияға минималды әсер етуін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деп қорытындылады Олжас Бектенов.


Рекомендовать
Последние новости