Санкциялар бізді оңдырып жатқан жоқ – ресейлік ғалым

Кәмшат Тілеухан 17 дек. 2024 10:42 1355

"Ресейге қарсы санкциялар бізді оңдырып жатқан жоқ, бірақ Батысқа да одан оңай болып жатқан жоқ, себебі олар бумеранг іспетті". Осылай деген РФҒА Орталық экономикалық-математика институтының директоры Альберт Бахтизин санциялардың кері әсеріне баға береді, деп жазады Dalanews.kz.

"Шексіз санкциялар, салалығы бар, қайта айналып салынып жатқаны бар, тұтастай алғанда, біздің елімізді оңдырып жатқан жоқ. Логистикалық байланыстар жойылуда, өзара есеп айырысуда проблемалар туындауда, ресейлік шикізат тасымалдаушылардың бағасы жасанды түрде төмендетілуде", - дейді ол.

Алайда, ресейлік ғалымның айтуынша, Ресейге қарсы санкциялар бумеранг іспетті Еуропа елдеріне оралып, оларға да неғұрлым ауыр әсер етуде.

"Егер Еуропа елдерінің экономикасы Ресей тап келіп отырған қысымға ұшыраса, олардың бұған шыдауы екіталай болар ма еді, қалай... Мұндай жағдайда, қытайлық әріптестерімізбен бірлескен есептеулер бойынша, ЕО елдерінің ЖІӨ өсімі  8-12% аралығында төмендейтін еді.Себебі, ЕО-ның барлық елдерінің ұлттық қуат индексі, яғни елдің жиынтық әлеуетінің көрсеткіші Ресей мен Қытайдан әлдеқайда төмен", - дейді ғалым.

Мәселен, Қытай ұлттық қуат индексі бойынша әлемде бірінші орында, Ресей - үшінші орында, Германия - жетінші орында, Франция - оныншы орында, ал Ұлыбритания - он бесінші орында тұрған көрінеді. 

Айта кетсек, күні кеше Еуропалық одақ Ресей, Қытай және Солтүстік Корея флоттары мен компанияларына бағытталған Ресейге қарсы 15-санкциялар пакетін қабылдап жіберді.

Құжат Еуропалық одақ кеңесінің ресми сайтында жарияланды. Онда аталған санкциялардың кезекті жиынтығы Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне бағытталғаны нақтыланады.

Тізімде 54 жеке және 30 заңды тұлғалар көрсетілген. Оның ішінде Солтүстік Кореяның екі шендісі де бар. Заңды тұлғалар қатарына алғаш рет ұшқышсыз ұшу аппараттары мен микроэлектрондық компоненттерді тасымалдаушы қытайлық компаниялар да еніп отыр. Аталған тізімде бомбалаушы авиация салысының 30 ұшқышы және әнші Долина да жүр.

Сондай-ақ, шектеулер басқа елдердің 52 танкерін де қамтып отыр, енді оларға порттарға кіруге тыйым салынады, теңіз тасымалымен байланысты қызметтердің кең спектрінен қағылатын болады.

"Қытай, Үндістан, Иран, Сербия және БАӘ компанияларына сауда шектеулерін айналып өтті" деген айып та тағылып отыр. Сол себепті ЕО тарапынан оларға қатаң экспорттық шектеулер қолданылатын болады.

Еуропалық одақтың санкциялары тізімінде Utair әуе компаниясымен бірге ПИК құрылыс компаниясының да аты аталады. Бұл ретте "Эксперт РА" агенттігінің корпоративтік рейтингтер жөніндегі аға директоры Дмитрий Сергиенко санкциялар ПИК-ке елеулі операциялық қиындықтар тудырмайтынына сенімді.

"ПИК тобы осы жылдың басында ғана АҚШ салған санкциялар тізімінде болды, сондықтан санкция аясында жұмыс істеу бұл компания үшін жаңалық емес", - дейді ол.

ПИК - Ресейдің ең ірі құрылыс компанияларының бірі, 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияның негізгі акционері - 32,5% акцияға ие Сергей Гордеев. Ол да жыл басында АҚШ салған санкциялар тізімінде болған. 

2024 жылдың қарашасында Ұлыбритания Ресей әскери-өнеркәсіптік кешеніне қарсы жаңа санкциялар енгізілгенін жариялады. Оның ішінде бірнеше қазақстандық компаниялар да болды. Кейін Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бұл Қазақстанға қатысы жоқ бір күндік компаниялар екенін айтты.  Яғни, оны ашады, келісімшарт жасайды, содан соң жып-жылмағайдай жоқ болып кетеді. 

Ал өткендегі АҚШ-тың  қаржы секторына бағыттаған санкциясы Ресейді бір шайқалтып алды. Рубль оңбай құлдырап, теңге де бір "құлап" тұрды


Рекомендовать
Последние новости