Өзбекстан жасанды интеллектті теріс пайдаланғандарға жаза енгізеді

Көркем Алдабергенова 03 нояб. 2025 14:39

Өзбекстанның Олий Мажилис Сенаты жасанды интеллект технологияларын теріс пайдалану үшін жауапкершілік қарастыратын заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Dalanews.kz жергілікті БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Жасанды интеллект алғаш рет ресми түрде анықталды

Құжатта алғаш рет «жасанды интеллект» ұғымының ресми анықтамасы енгізіліп, оны қолдану тәртібі нақты белгіленді. Бұл елдегі цифрлық сала үшін маңызды құқықтық қадам болып саналады.

Бұзушылық үшін айыппұл мен қамау қарастырылған

Жасанды интеллектті теріс мақсатта пайдалану - мысалы, азаматтардың жеке деректерін рұқсатсыз өңдеу немесе тарату - заң бойынша жазаға тартылады.

Мұндай әрекеттер үшін 50-ден 100 есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сондай-ақ 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау және техниканы тәркілеу шаралары көзделген.

Нейрожелілер жасаған контент арнайы белгімен шығуы тиіс

Заңға сәйкес, жасанды интеллект көмегімен жасалған кез келген контент арнайы белгімен (маркировкамен) белгіленуі міндетті.

Сонымен қатар, адам құқықтарына әсер ететін шешімдерді тек алгоритм негізінде, адам қатысуынсыз қабылдауға тыйым салынады.

Мақсат - қауіпсіз және сенімді цифрлық орта құру

Сенаторлардың пікірінше, жаңа заң нормалары технологияларды қауіпсіз дамытуға құқықтық негіз қалыптастырып, қоғамның цифрлық қызметтерге деген сенімін арттырады. Құжат қазірдің өзінде Өзбекстан президентінің қол қоюына жіберілді.


Рекомендовать
Последние новости