Оралда қызғаныштан бұрынғы әйелін өлтірген ер адам сотталды

Көркем Алдабергенова 31 окт. 2025 16:35

Орал қаласында 32 жастағы ер адамға үкім шықты. Ол биыл мамыр айының соңында Теректі ауданының Чаган ауылында бұрынғы жұбайын аяусыз өлтірген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айыпталушы бұрынғы әйелінің үйіне барып, оны туған інісімен бірге отырған жерінен көрген. Осы сәтте арада жанжал туып, ер адам қолына пышақ алып, екеуіне бірдей шабуыл жасаған. Әйел алған 19 пышақ жарақатынан сол жерде көз жұмған, ал оның інісі тірі қалып, оқиға орнынан қашып үлгерген.

Алқабилер қатысқан сот ер адамды «айрықша қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» және «кісі өлтіруге оқталу» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен ол орташа қауіпсіздік колониясында 16 жыл жазасын өтейді. Сондай-ақ сот шешімі бойынша айыпталушы марқұмның отбасына 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Қайтыс болған әйелдің артында үш баласы қалды. Қазір олар нағашы әжесі мен атасының қамқорлығында.


Рекомендовать
Последние новости