Жер қатынастары саласында қандай оң өзгерістер байқалады? Сарапшы пікір білдірді

Қаракөз Амантай 29 окт. 2025 16:30

Кейінгі жылдары Қазақстанда жер қатынастары саласында ашықтық пен экологиялық жауапкершілік деңгейі айтарлықтай артып келеді. Бұл туралы жер қатынастары жөніндегі маман Арман Өтепов Dalanews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, жерді тиімді пайдалану мен цифрландыру бағытындағы жаңа қадамдар елдің экономикалық және экологиялық тұрақтылығына тікелей әсер етіп отыр.

"Қазіргі уақытта "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жаңа цифрлық кадастр жүйесі жасалып жатыр. Бұл жоба жер туралы барлық деректі бірыңғай базаға біріктіруге мүмкіндік береді. Бұрын әр ведомство өз деректерін жеке жүргізгендіктен, координаттар мен картографиялық мәліметтерде сәйкессіздік көп болатын. Енді бірыңғай стандарт енгізу арқылы осы мәселе шешілмек", – дейді сарапшы.

Өтеповтің айтуынша, жер кадастрын цифрландыру тек ақпаратты жинақтау емес, сонымен бірге жердің тиімді пайдаланылуын бағалайтын құралға айналуы қажет.

"Бүгінде жер қатынастары саласында унификация, яғни біріздендірілген стандарттар енгізіліп жатыр. Бұл орман, ауыл шаруашылығы және су ресурстары жүйелерінің картографиялық базаларын өзара сәйкестендіруге жол ашады. Болашақта бұл жүйелердің барлығы интеграцияланып, жоспарлау мен жер пайдалануда біртұтас тәсіл қалыптасады. Себебі жерді тиімді пайдалану - тек шаруаның мүддесі емес, экологиялық қауіпсіздік мәселесі. Топырақтың тозуы, су ресурстарының азаюы және климаттың өзгеруі бәрі жерге немқұрайлы қараудан басталады", – дейді Өтепов.

Сарапшының пікірінше, қазіргі реформалар ауыл шаруашылығын экологиялық тұрғыдан жауапты етуге бағытталған.

"Мысалы, бір аймақта егістік алқаптарын жоспарлау кезінде судың жеткіліктілігі, жердің құнарлылығы, топырақ тозуы сияқты факторлар назарға алынуы қажет. Егер бір жерде жыл сайын бір ғана дақыл – мысалы, бидай егілсе, ол жердің табиғи тепе-теңдігі бұзылады", - дейді ол.

Арман Өтепов сондай-ақ жер өңдеу мәдениетін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

"Әлемде "No-till", "чизель", "мульчирование" сияқты жерді тоздырмай өңдеу әдістері кеңінен қолданылады. Бұл – топырақтағы ылғалды сақтау мен құнарлылығын арттырудың тиімді жолы. Қазақстан да осы тәжірибелерді кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Мұның пайдасын алдағы бірнеше жылда көреміз", – дейді ол.

Оның айтуынша, жер ресурстарын басқару тек экономикалық мүдде емес, стратегиялық экологиялық саясаттың маңызды бөлігі болуы тиіс.

"Жер – тіршілік тірегі. Оны дұрыс басқару – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік", – деп қорытындылады сарапшы.


Рекомендовать
Последние новости