Оралда әкімдік ғимаратын су басты

Қаракөз Амантай 27 мар. 2024 10:42 1358

26 наурызда Орал қаласында нөсер жаңбыр құйып, қолайсыз ауа райы салдарынан бүкіл қала шалшық суға толып, қалалық әкімдіктің ғимаратын су басқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Синоптиктердің болжамынша, жауын-шашын тағы 2 күнге созылуы мүмкін.

Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істей бастағанмен, бәріне бірдей үлгермей жатыр.

"Табиғи апаттан қалалық әкімдіктің ең төменгі қабаты – жертөледе орналасқан жер қатынастары бөлімі зардап шеккен. Қазір мұндағы су сорылып жатыр", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар қала тұрғындары да көмекке жүгініп жатыр. Бірнеше күн ішінде 249 мекенжайдан 600-ге жуық шақырту түскен. Олар ауласына жеткен қызыл судың үйге кіріп кетуінен қорқып отыр.

Осыған байланысты ашық НҚА порталында Орал қаласы әкімінің қалада жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау жөніндегі шешімінің жобасы жарияланды. 

"Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. "Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы зардап шеккен объектілерді тексеру жүргізсін", – делінген шешім жобасында.

Шешім алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс. 


Рекомендовать
Последние новости