ШҚО-ға газ тартудың екі жолы қарастырылып жатыр

Dalanews 20 мар. 2024 11:35 2946

Биылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше назар аударған болатын. Соның ішінде халықты көгілдір отынмен қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен кезекті кеңесте өңірдің елді мекендерін газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, болашақта іске асырылатын жобалар талқыланды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сүйенсек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстанда газдандыру көрсеткіші 3,18 пайыз ғана болған, яғни 23,1 мың адам ғана табиғи газбен қамтылған. Онда да әзірге көгілдір отынның қызығын бір ғана аудан көріп отыр. Ол – Зайсан ауданы.

Мамандардың болжамынша, Зайсандағы отын қоры 325 миллион текше метр шамасында. Бұл ары кетсе он жылға жететін қор. Ал облыстың басқа аудандары мен қалаларына газ қашан жететіні әзірге белгісіз. Басқаны қойып, газ кеніші бар Зайсанның өзінде көгілдір отынның игілігін көре алмай отырған ауылдар бар.

Осы орайда облыс басшылығы ел Президентінің тапсырмасына сәйкес өңір тұрғындарын сапалы табиғи газбен қамтуға бағытталған бірнеше жобаны зерделеп, жүзеге асыруды көздеп отыр.

Осыдан біраз бұрын Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп қайтқан энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Шығыс Қазақстанға көгілдір отын жеткізудің екі жолы қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын. Оның бірі Рудный – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен – Зайсан бағытында батыс өңірлерден газ тарту. Бұл жобаның құны шамамен – 778 миллиард теңге. Екінші жол – көрші Ресейдің газына қосылу. Бұл нұсқа бойынша Ресей Федерациясы – Қазақстан – Қытай Халық Республикасы бағытында газ құбыры түспек. Қазір біздің мамандар ресейлік әріптестерімен бірлесіп техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу үшін жобаны жан-жақты зерттеп, зерделеп жатыр.

– Болашақта солтүстік-шығыс өңірлерді газдандыру үшін транзиттік газ құбырын салу шарттарын талқылау жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Барлық бастапқы деректерді алғаннан кейін газдандырудың ең тиімді нұсқасы әзірленетін болады, – деп мәлім етті энергетика вице-министрі.

Рекомендовать
Последние новости