Ескі Қазақстан Самат Әбішті "сақтап" қалды - Ермұрат Бапи

Азамат Қойшығара 20 мар. 2024 14:35 8605

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің шартты түрде сотталғаны Ескі Қазақстанның ешқайда кетпегенін көрсетеді.

Бұл Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың пайымы, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Оның (Самат Әбіш) 8 жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылуы күлкілі. Мұндай үкім, мұндай шешімді бұрын-соңды естіген емеспін. Сегіз жыл! Одан да үш жылға қамауға алғаны жөн еді, түсінесіз бе? Сондықтан бұл шешім де Ескі Қазақстанның ықпалын жоғалтпағанын көрсетеді. Қаңтар оқиғасына қатысты барлық жедел істермен айналысқан мұндай адам, шенеунік, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі "екінші адам" бар болғаны шартты түрде жазаланса, онда Ескі Қазақстанның ықпалы елде әлі де бар», - деді Ермұрат Бапи сәрсенбі күні Мәжіліс кулуарында.

Депутат бұл "Дат" газетінің редакциясына түскен инсайдерлік ақпарат екенін де атап өтті.

«Бұл соңғы отыз жыл өмірімде Қазақстан тарихында болмаған оқиға. 2005-2006 жылдары 6 жыл шартты мерзімге Мырзахметовты соттаған. 8 жылға шартты мерзім деген бесіктегі бала күлетін жағдай», – деді содан соң мәжілісмен.

Журналистер одан «Назарбаевтың туысы болғаннан кейін осындай шешім қабылданды деп ойлайсыз ба?» деп сұрады.

Мәжілісмен мұндай шешім шыққаны міндетті түрде Назарбаевтың немере інісі болғасын, екіншіден біз «Ескі Қазақстаннан» әлі де алыстап кете алмағанымыздың белгісі деп санайтынын атап өтті.

Айта кетейік, Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен айырылды.

Қаңтар оқиғасына дейін оның есімі бейресми түрде Қазақстан президенті лауазымына негізгі үміткерлер қатарында аталды. Қаңтар оқиғасы бойынша Самат Әбіш жай ғана куәгер болды.

Ал бүгін Бас прокуратура Желіде тараған ақпараттарға қатысты түсінік берді.

Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан Әбішті белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте ҚК-нің 63-бабының негізінде жазаны пробациялық бақылау белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп санауды айқындады.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген.

Сот үкімімен Самат Әбіш ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҚР ҚК 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы етілді.

Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

 


Рекомендовать
Последние новости