Министр: "Қазақстан экспортының 95%-ы АҚШ-тың жаңа баж салығына ілікпейді"

Кәмшат Тілеухан 05 авг. 2025 16:10

Бүгін ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың 95%-ы газ екенін, оған жаңадан енгізілген баж салығы қолданылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бұл арада АҚШ тарапынан белгілі бір елдерге, шартты түрде айтқанда, қақтығыстың демеушісі ретінде әрекет ететін мемлекеттерге қосымша кедендік баж салығын енгізу туралы болып отыр. Мен санкцияларға қатысты біржақты, нақты әрі түбегейлі түрде былай деп айтамын: "Біз өз міндеттемелерімізді бұзып отырған жоқпыз". Ойын ережесі бізде айқын. Біз әріптестерімізбен экспорттық бақылау бойынша өз міндеттемелеріміздің қалай орындалатынын қадағалап отырмыз. Әңгіме Трамп жарлығымен және ақпараттық хатпен енгізілген 25% қосымша баж салығы туралы болып отыр. Мұнда мынаны нақты түсініп алған жөн: біздің экспортымыздың 95%-ы осы қосымша баж салығының аясына кірмейді. Өз тарапымыздан біз нақты ұсыныстарымызды жолдап та қойдық. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы, кедендік баж салығына қатысты барлық мәселе бойынша бізде ДСҰ аясында нақты ережелер бекітілген. Бірақ қазіргі жағдай мүлдем стандартқа келмейді, өйткені бұл ДСҰ ережелерін және халықаралық міндеттемелерді бұзу болып табылады. Сондықтан біз де стандартты емес шешімдер қабылдап отырмыз. Біз аталған мәселеде артқа шегінбей, керісінше экспортты кеңейтуге бағытталған нақты шараларды ұсындық", – деді Шаққалиев.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстаннан келетін тауарларға 25% баж салығын ресми түрде енгізген болатын. Кейін Қазақстанның АҚШ-пен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі болды.


Рекомендовать
Последние новости