Абай облысында заңсыз құмды қазу фактісі дрон арқылы әшкереленді

Ақтоты Жапатова 05 авг. 2025 17:14

Семей қаласының прокуратурасы жүргізген жұмыстардың нәтижесінде елдің табиғи ресурстары есебінен заңсыз пайда тапқан адамдарды анықтады,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Аталған тұлғалар жүйелі түрде жалған сертификаттарды пайдаланып, 68 мың тоннадан астам құмды заңсыз қазып, оны саудалаған.

Қылмыстық әрекетті әшкерелеуге заманауи цифрлық технологиялар мен стандарттан тыс тәсілдерді қолдану мүмкіндік берді. Заңсыз өндіру дерегін тіркеу мақсатында дрон көмегімен әуеден бақылау жүргізіліп, заңсыз қазба жұмыстарының нақты координаттары анықталды.

"Сергек" автоматтандырылған жол қозғалысын бақылау жүйесі арқылы құмның қазылған жерінен бастап, жүктелуі мен соңғы тұтынушыға жеткізілуіне дейінгі бүкіл бағыты бақылауға алынды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз кәсіпкерлік әрекетке тосқауыл қойылып, кінәлі адамдар ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы (Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банк, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет), 218-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру), 334-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану), 386-бабы 2-бөлігі (Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, сондай нөмірі жалған көлік құралын өткізу) бойынша сотталып, жауапкершілікке тартылды.

Сот 2 адамды қылмыстың құралы болып танылған екі тиегішті тәркілей отырып, бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Талапты қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 144 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.


Рекомендовать
Последние новости