Жамбыл облысы Меркі және Талас аудандарындағы ауданаралық көпсалалы орталық ауруханаларды қайта жөндеуге Арнайы мемлекеттік қордан 2,4 миллиард теңге бағытталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл қаржының басым бөлігі 2,3 млрд теңгесі Талас аудандық көпсалалы орталық ауруханасын күрделі жөндеуге жұмсалады.
Ал Меркі аудандық көпсалалы орталық ауруханасының қабылдау бөлімін жөндеуге 144,9 млн теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы, 2025 жылы Жамбыл облысындағы денсаулық сақтау саласының төрт нысанын дамытуға Арнайы мемлекеттік қордан 2,8 млрд теңге бөлінген.
Бұған дейін заңсыз шетелге шығарылған активтерді елге қайтару есебінен Қордай және Талас аудандарында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталғаны хабарланған. Әрбір амбулатория күніне 45 адамды қабылдай алады.
Сондай-ақ жуырда Арнасай ауылында елімізде алғаш рет коррупционерлерден қайтарылған қаржыға салынған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.