3 тамызда Жетісу облысы Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылында толассыз жауған жаңбырдан кейін 48 аула, оның ішінде сегіз тұрғын үй су астында қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Таудан және сай-саладан ағылған су ағыны Құлжабай би көшесіндегі дренаж жүйесін бұзып өтіп, көше бойымен жайылып кеткен. Сонымен қатар Уәлиханов, Молдағұлова, Қайсенов және Қожағұлов көшелері де су тасқынынан зардап шекті.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, су басудың басты себебі – тұрғын үйлердің іргетасының тым төмен орналасуы. Сағат 22:10-да су толық сорылып, зардап шеккендер мен адам шығыны тіркелмеді. Көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Оқиға орнында құтқарушылар мен әкімдік қызметкерлері жұмыс істеді. Ресми органдар жағдай толық бақылауда екенін айтты.
Алайда ауыл тұрғындары билікке өкпелі. Олардың айтуынша, дренаж жүйесі бұрыннан бері жаңбыр суын өткізе алмай келеді. Қорғаныс инфрақұрылымының жоқтығы — шешілмей келе жатқан күрделі мәселе.
Айта кетейік, бұған дейін, 2024 жылдың көктемінде Ақтөбе облысында су қоймасы жарылып, бірнеше ауылды су басқан болатын. Ол кезде 215 адам эвакуацияланды. Гидротехникалық нысанның апаттық жағдайға жетуіне жол бергені үшін әкімдік қызметкері кінәлі деп танылып, 1,5 жыл бостандығын шектеу жазасына кесілген еді. Сол жылғы тасқындар соңғы онжылдықтағы ең ауыр апат ретінде тіркелген.