Әлеуметтік желіде Баян Алагөзова мен Maxi шай брендіне бойкот жарияланды

Қаракөз Амантай 04 авг. 2025 16:27

Әлеуметтік желіде танымал продюсер Баян Алагөзова мен оның жұбайы Тұрсынғали Алагөзовке тиесілі Maxi шай брендіне бойкот жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған Баян Алагөзованың мешітте қысым көрген қызды қолдап сөйлегені және қоғамдық орындарда дінді ашық насихаттауға шектеу қою туралы заңды қолдаған пікірі түрткі болған. Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары продюсерді ислам дініне қарсы әрекет етті деп айыптап, радикалды топтар оны және жұбайының бизнесін бойкоттауға шақырған.


Дегенмен бұл әрекет нәтижесіз аяқталды. Қолданушылардың басым бөлігі Баян Алагөзованы қорғап шығып, Қазақстанның ислам мемлекеті емес, зайырлы ел екенін еске салды. Тіпті жауап ретінде қазнетте Maxi шайын сатып алу бойынша өздерінің қолдау челленджін бастап жіберді.

Айта кетейік, бұл Maxi шайына қатысты бірінші халықтық бастама емес. Бұған дейін де қазақстандықтар Maxi шайын жаппай сатып алып, бренд иесі Тұрсынғали Алагөзовке алғыс білдірген болатын. Ол сол кезде өз қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған еді.

Еске салайық, жуырда Ақтөбедегі мешітте қоғамда қызу талқыланған жайт болды. Ақтөбе тұрғыны Эмануелла Наурызбаева осы жайында ашық сұхбат беріп, шын мәнінде оқиға қалай болғанын айтты.

Қала тұрғынының сөзінше, сол күні ауа райы бұзылып, қатты жаңбыр жауып кеткен. Нөсер жауын басылғанын күткен бойжеткен мешітте тосын жайтқа тап болған.

"15 жасымнан бастап эпилепсиямен ауырамын. Мешіттің алды кафель, құлап қалармын деп есік алдында тұра тұрайын деген ойға келдім. Тұрған кезде қасыма ер кісі келе бастады. Ақ киінген ер адам алдыма қарай жылжи бастады. Жаңбыр тоқтауын күтіп тұрған шығар деп мән берген жоқпын. Есік алдында тұрған кезде маған "әдемі қыз екенсің, төсің әдемі" деді. Содан кейін екі аяғымның ортасына көз жүгіртіп, "уақытша некеге қалай қарайсың?" деді. Шығайын деген оймен аяғымды басқан кезде, қолымен есікті жауып, "бұл жерден шықпайсың, сұрағыма жауап алған жоқпын" деді. Өзімнің өміріме қорыққаннан кейін қолымда дәлелім болсын деген ниетпен телефонымның камерасын тез қосып, болған жайтты жаза бастадым", - деді ол Massaget.kz порталына берген сұхбатында.

Эмануелла Наурызбаеваның сөзінше, болған жайттың бәрін имам да біледі, мешіттегі ер адамдар да көрген. Ол біреуі де жанына келіп, көмектеспегенін жеткізді.

"Полицияға барып, арызымды айтқан кезде "ол кісінің есі дұрыс емес, сенің істейтін ісің - үндемей кетіп қалу" деп айтқан болатын. Имамға барған кезде де солай айтқан болатын. Тіпті имамға кіре бастаған кезде ол кісі маған сыйластық танытпады. Көмек сұрап бардым. Мен барған мешіттің бас имамы дөрекі сөйлесті", - деді ол.

Сондай-ақ, қыздың айтуынша, әңгіме барысында имам жәбірленуші видеоға, диктафонға жазып тұр ма деп күдіктеніп тексерген.

"Кабинетіне кіргізіп, "бұл кісінің сары карточкасы бар. Бұл кісі - ауру адам. Аузына не келеді, соны айтады. Ештеңе істей алмаймыз" деді. "Ауру болса, неге ауруханаға жатқызбайсыздар немесе артық кетіп жатса, сот алдында істеген ісіне жауап берсін" дедім. "Жоқ, бұл - біздің брат, ағаларымыздың бірі, ер адамға олай жасай алмаймыз" деді", - деді Эмануелла Наурызбаева сұхбат барысында.

Кейін жағдай ушығып, қоғам дүрліккен соң полицейлердің өзі хабарласқан көрінеді. Ақтөбе тұрғыны барлық жағдайды баяндап, арыз жазған. Ол көпшілікке бас амандығы үшін үнемі камера алып жүруге кеңес берді. Өйткені, қыздың айтуынша, сотта мешіттегі бейнебақылау камерасы көрсетілмеген.

Эмануелла Наурызбаева осы оқиғадан кейін өзіне қысым көрсеткендер болғанын да жасырмады.

"Үйіме дейін келіп, қоқан-лоқы жасап, кішкентай атылатын заттарды тереземе лақтырып атты. "Біз сені өлтіреміз, сені бауыздаймыз. Біздің братты жамандайтындай сен кімсің?! Біз үшін қыздың ең басты парызы - бала туып, екі аяғының ортасын ашу" деді. Оны үйімнің алдында тұрған бір топ ер адам айтты. Бүкіл аудан естіді. Екі көлік келіп, ішінен сегіз бала шығып, далада жүргені, қолында пышақ болғаны да қолымда (дәлелдері - еск.) бар. Бәрін желіге салдым. Екі-үш күн бойы таңғы сағат алтыға дейін мені күтіп жүрді", - деді ол сұхбат барысында.


Рекомендовать
Последние новости