Орталық Азия мен Кавказ елдері Дональд Трамптың геосаяси ойынына тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Ақ үйдің қожайыны аймақ елдерін Израильмен жақындастыратын “Авраам келісімдеріне” қосуға ниетті. Трамп бұл келісімдерді алғаш президенттік мерзімінде бастаған еді. Оның аясында 2020–2021 жылдары бірқатар ислам мемлекеті Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасты қалыпқа келтірген.
Қазір Ақ үй осы келісімді кеңейтуге күш салып жатыр. Трамптың тізіміндегі негізгі үміткер – Әзербайжан. Агенттіктің бес бірдей дереккөзі америкалықтар әзербайжандық шенеуніктер арқылы Орталық Азияның да тамырын басып көргенін айтады. Трамп командасының назары Қазақстанға да түскен.
Негізі, Орталық Азия елдерінің Тель-Авивпен сауда-экономикалық, дипломатиялық байланысы бұрыннан бар. Сондықтан Қазақстанның келісімге қосылуы символдық сипаты басым саяси қадам болмақ. Оның артында Сауд Арабиясына қысым жасау ниеті де байқалады.
Reuters нақты қандай елдердің Израильмен келіссөз жүргізіп жатқанын ашық жазбады. АҚШ Мемлекеттік департаменті де осыған қатысты әзірге анық жауап берген жоқ. Бірақ ведомство өкілдері “Авраам келісімдерінің” кеңеюі Трамп әкімшілігінің сыртқы саясаттағы басты басымдығының бірі екенін растап отыр.