Шығыс Қазақстан облысында «Қонақ отбасы» атты ерекше жоба жүзеге асып жатыр. Жоба бойынша орыс тілді отбасылардың балалары қазақ тілін үйрену үшін арнайы қазақ отбасыларына барып, сонда бірнеше апта тұрады. Қазақ тілін тез әрі табиғи түрде үйренген балалар өз отбасыларына керемет әсермен оралуда, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazpravda-ға сілтеп.
Жоба алғаш рет 2023 жылы қолға алынып, Өскемен мен Алтай қаласынан 67 бала Катонқарағай ауданына барған. Олар 20 күн бойы жергілікті қазақ отбасыларының ортасында болып, қазақ тілін еркін меңгеріп шықты. Ұйымдастырушылардың өзі мұндай жоғары нәтиже күтпеген еді.
2024 жылы жобаға қатысқан балалар саны екі есеге жуық артып, 120-ға жеткен. Ал биылғы жазда 140 жасөспірім қазақ тілін меңгеру үшін Катонқарағайда тұрып қайтты.
Маусым айында Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Глубокое аудандарынан келген 11–12 жастағы балалар Катонқарағай ауданындағы қазақ отбасыларына барып, екі апта бойы қазақи тұрмыстың қыр-сырын үйренген. Сондай-ақ, керісінше, Зайсан мен Тарбағатай аудандарынан келген қазақ балалары Шемонаиха ауданының орыс тілді ауылына қонақ болып барған.
Жобаға қатысқан оқушылардың бірі – алтыншы сыныптың оқушысы Саша Борисов сапардан алған әсерімен бөлісті:
"Алғашында баруға жүрексіндім. Кейін үйге қайтар кезде тіпті қимай қалдым. Қазақ тілінен арнайы сабақтар өткен жоқпыз. Бірақ қоршаған орта түгел қазақша сөйлегендіктен, сөздерді жылдам есте сақтап алдым. Нұргүл апай сиыр сауады, мен «сиыр сауу» деген сөзді солай үйрендім. Досым Жігер атты ерттеді, «атқа міну» деп айтылатынын ұқтым. Қазақша ет дайындауды үйрендім, қамыр жаюды білдім. Бұл жақтың басты тағамы осы екен. Катонқарағайда сарымсақ деген ерекше пияз қосады", – дейді Саша.
Баланың анасы Марина Борисова да ұлының қазақ отбасынан оралғаннан кейінгі өзгерістерге дән риза:
"Қазақ отбасына, әсіресе бізге уақытша ана болған кісіге алғысым шексіз. Балам зор әсермен, жаңа достармен, жаңа біліммен оралды. Қазір достарымен күн сайын қазақша сөйлесіп тұрады", – деп қуанышымен бөлісті.
Жобаның басты мақсаты – балаларды ешқандай қысымсыз, еркін ортада мемлекеттік тілде сөйлеуге үйрету. Балалар екі аптада тек қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының дәстүрімен де жақын танысып, ұлттық мәдениетті бойына сіңіріп келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жыл сайын жалғасып, ауқымы кеңейе бермек.