Ресейлік пропагандист Қазақстан мен Әзербайжанға қарата дөрекі сөздер айтты

Көркем Алдабергенова 01 авг. 2025 18:05

Ресейлік пропагандист Сергей Мардан Қазақстанның Ресеймен бірлесіп Волга өзені ағынын реттеу жөнінде жұмыс тобын құру ұсынысына дөрекі пікір білдіріп, кезекті мәрте бұрынғы кеңестік республикаларды қорлап сөйледі. Бұл туралы Minval басылымы жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Марданның айтуынша, Қазақстан тарапының талабы – «отарлық езгінің құрбаны ретінде өзін көрсету» амалы, ал тарихи атауы «Еділді» (қазақстандық ресми мәлімдемеде «Волга» атауы қолданылған, ал «Еділ» атауын Minval редакциясы тарихи нақтылық үшін қосқан еді) қолдануы «империялық амбицияның» белгісі.

«Кенет өздерін Шыңғыс ханның ұрпағы сезініп шыға келген отарлық езгінің құрбандары Ресейден «Еділді» кері бұруды талап етуде. Мүмкін оларға екі жүз жылдық езгі үшін өтемақы да төлерміз?» – деп келемеждейді Мардан.

Пропагандист мұнымен тоқтамай, 1980-жылдары ұсынылған «солтүстік өзендерді бұру» кеңестік жобасын еске алып, «орыс халқы сол кезде Алматы мен Ташкенттегі байларды асырап отырған донор екендерін түсініп, КСРО-ның құлауын ерекше қуанышпен қарсы алды» деп сандырақтайды.

Бұл ретте Мардан Әзербайжанға да тиісуді ұмытпаған:

«Әзербайжан – совет билігінің ойлап тапқан жасанды мемлекеті. Сондықтан ешқандай «байырғы әзербайжан жерлері» табиғатта жоқ. Ал әзербайжан ұлтшылдығы – тарихи факт», – деп мәлімдейді ол.

Minval басылымының жазуынша, Мардан «геосаяси сараптама» атымен тағы да бұрынғы кеңестік республикаларды қорлауға көшіп, олардың мемлекеттік егемендігі мен тарихи құқығын жоққа шығаруға талпынған.

«Әрине, «Роскомпозордың» тыйымына қарамастан, бізді Ресейде де оқитыны қуантады. Бірақ оқығанын түсінуде біраз мәселе бар сияқты. Қазақстанның ешқашан өзендерді кері бұруды талап етпегенін айта кеткен жөн. Сол үшін Мардан мырзаға қарапайым мәтінді дұрыс оқып, түсінуге үйрену артық етпейді», – деп ирониямен жазады басылым.

Басылымның пікірінше, Ресейлік пропаганда машинасы кез келген мемлекетке қатысты бір ғана шаблонды қолданып, «сіздерді Ленин ойлап тапқан», «Кока-Кола сіздерден көне» деген сарындағы аргументтермен жұмыс істейді. Бірақ бұл жолы Мардан Әзербайжанға қатысты бұрын айтылмаған жаңа бір мәлімдеме жасаған: «Әзербайжанның байырғы жері ешқашан болмаған».

«Бұл сөз нені білдіреді? Ресей Әзербайжанды әлем картасынан мүлдем сызып тастауды жоспарлап, халық пікірін дайындап жатыр ма? Біздің аумақтарымыз Арменияға беріліп, Пашинянның орнына Мәскеуге бағынышты басқа бір адамды отырғызбақшы ма? Әлде Әзербайжан жерін Ресейдің өзі «меншіктеп» алмақ па?» – деген сауалдарды көтереді басылым.

Minval еске салғандай, тарихта әзербайжан халқын Сібір мен Қазақстанға жаппай жер аудару жоспары расымен болған. Сонда Мәскеу ескі жоспарды қайта тірілтуді ойластырып отыр ма деген күдік бар.

«Олай болса, халықаралық құқық пен екіжақты қауіпсіздік кепілдіктерін ешкім жойған жоқ екенін ескерте кетейік. Қазір 1920 немесе 1992 жыл емес. Әзербайжан – тәуелсіз, егемендігін қорғап қалған мемлекет. Ендеше, XI оккупациялық армияның әдістерімен әрекет ету енді мүмкін емес. Мұны «Киевті үш күнде алу» жоспарының күйреуі мен Арменияны Ресей қару-жарағымен толтырып бастаған «жаңа аумақтар үшін жаңа соғыстың» нәтижесінен де аңғаруға болады», – деп қорытындылайды басылым.


Рекомендовать
Последние новости