Алматы облысында Сорбұлақ су қоймасы маңынан бөлшектері табылған EC-145 әскери тікұшағына қатысты іздестіру-құтқару жұмыстары бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Үш экипаж мүшесі бар тікұшақтың нақты қайда құлағаны әзірге белгісіз. Іздеуге су түбін зерттейтін дрондар да тартылғанымен, лайлы көлдің ерекшелігі іздеуді қиындатып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист Гүлмира Әбіқай жоғалған тікұшақта болған ұшқыштың жұбайы айтқан жан тебірентер сөздерді жария етті. Жас келіншектің айтуынша, олар некеге тұрғандарына небәрі сегіз ай болған.
"Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды. Шаңырақ көтергенімізге – 8 ай. Вертолетта екі пилот белдігін байлап отырады, шыға алмай қалған ғой. Әйтпесе, секіріп аман қалар ма еді…", – дейді ол көзіне жас алып.
29 жастағы ұшқыш Аман Амангелді – Ақтөбедегі ұшқыштар институтының түлегі. Артында алты жылдық тәжірибесі бар. Ол өткен жылдың соңында музыкант Нұрай есімді бойжеткенмен шаңырақ көтерген. Жас отбасының үйленгеніне бір жыл да болмаған.
Оқиғаның бес күннен бері нақты ақпараты шықпағандықтан, әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар мен қауесеттер тарауда. Отар маңында радардан жоғалған тікұшақтың бөлшектері 200 шақырым жерден табылғаны да күмәнді пікірлерді үдете түсті.
Сорбұлақ – түбі батпақ, тереңдігі 22 метрге дейін жететін, лайлы су қоймасы. Мамандардың айтуынша, Алматы қаласының кәріз сулары осы маңға құятыны да іздестіру жұмысына кедергі келтіріп отыр.
"Бір көріпкел маған жеке жазып, “тікұшақтағы адамдар алтыншы күні табылады” депті. Ертең…", – деп жазды журналист.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 бірлік техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық есептоп және 2 ТЖМ әуе кемесі тартылған.