Қазақстанда 2019 жылдың соңында орын алған Bek Air әуе апатына қатысты тергеу қайта жүргізіледі. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, аталған ұшақ апатына қатысты тергеу жұмыстары қайта жанданбақ.
"Өкінішке қарай, авиацияда мұндай оқиғалар жиі болып тұрады және түпкілікті шешімге келу өте қиынға соғады. Авиациялық апаттар, өкінішке қарай, ұзақ уақыт қаралады. Қазір барлық құжаттар дайындалып жатыр", – деді Сауранбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін, 2024 жылдың желтоқсанында экс-министр Марат Қарабаев та бұл іс бойынша тергеу қайта басталуы мүмкін екенін айтқан еді.
Bek Air әуе апаты 2019 жылғы 27 желтоқсанда болған. Алматыдан Нұр-Сұлтанға (қазіргі Астана) бағыт алған ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін бірден биіктігін жоғалтып, әуежай маңындағы қоршауды бұзып өтіп, екі қабатты коттеджге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапқан.