Әлеуметтік желілерде АҚШ-тан келген журналист Хоуп Лаудон Қазақстанда такси жүргізушісі тарапынан қолайсыз жағдайға тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист бұған дейін Сарыағашта бастан өткерген оқиғаны баяндаған болатын. Визасы болмағандықтан, оны Ташкентке бара жатқан пойыздан түсіріп кеткен. Сөйтіп Хоуп Лаудон байланыссыз, билетсіз әрі қолма-қол ақшасыз қалған. Бұл сәтте оған жергілікті жасөспірім көмек қолын созған: ол қолма-қол ақша алуға көмектесіп, танымал мобильді қосымша арқылы Шымкентке баратын такси шақырып берген.
"Жасөспірім мені шетелден келген көмекке мұқтаж әйел ретінде қабылдады, ал такси жүргізушісі болса, менің осалдығымды пайдаланғысы келді. Жол бастала салысымен-ақ біртүрлі жағдай сезілді, бірақ түсіп қалу кеш еді, менде басқа таңдау болмады. Жүргізуші жылдамдықты 140 шақырымға дейін жеткізіп, жол бойы телефонынан көз алмады. Ол "мекенжай тым алыс" деп қосымша 5000 теңге талап етті. Бұл негізсіз еді, әрі менде қолма-қол ақша болмаған соң, төлеуден бас тарттым", – деді Хоуп.
Оның айтуынша, жол бойы такси жүргізушісі бірнеше мәрте біреулерге қоңырау шалып, "америкалық әйелді" алып бара жатқанын айтып мақтанып отырған. Хоуп бұл әрекетті жүргізушінің әлдебір арам ниетті жоспарымен байланыстырды.
"Шымкентке жеткенде жүргізуші мені жеткізіп салатынын, бірақ алдымен бір жерге соғатынын айтты. Мен оны қала сыртына шығарып, зорлық көрсетуді ойлады деп күдіктенемін. Мен дереу қала ішінде түсіріп кетуін талап еттім", – дейді журналист.
Оның сөзінше, сапар соңында жүргізуші сөмкесін өз бетімен алуға мүмкіндік бермеген, сол сәтті пайдаланып, интимді жерінен ұстауға әрекет жасаған.
"Мен дереу бұрылып, оның жейдесінен ұстап, қатты айғайлап жібердім. Осы әрекетім оны тоқтатты", – деп еске алды америкалық азамат.
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, такси жүргізушісі анықталып, жауап алынған.
"Ол ұсақ бұзақылық пен жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік азаматқа барлық қажетті көмек көрсетілді", – деп хабарлады департамент өкілі.