Туристер Көбейтұз көлінен қызғылт тұзды жаппай қазып әкетіп жатқаны туралы ақпарат тарады, полиция бұл жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Stan.kz ақпарат агенттігі мәліметінше, желіде Ақмола облысында орналасқан Көбейтұз көлінің вандализмге ұшырағаны жөнінде ақпарат тараған.
Ақмола облысы Ермейтау аудандық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл деректі растады.
"Полиция департаменті Ерейментау ауданының полиция бөлімінде Көбейтұз көліндегі табиғатты қорғау заңнамасын бұзу дерегі тіркелгенін хабарлайды. Мән-жайды анықтау және ол адамдарды жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Көбейтұз көлі – Ақмола облысы Ерейментау ауданында орналасқан бірегей әрі ерекше табиғи көл. Ол жылына бірнеше рет қызғылт түске боялып отырады. Судың қызғылт реңге боялуына негізінен тұзды теңіздерді мекендейтін біржасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді деп саналады. Әлемде мұндай сегіз көл ғана бар.