Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша сотталған сегіз азамат үкімге апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокаттың айтуынша, аталған шағым 2025 жылдың 18 тамызы күні сағат 11:00-де Алматы облыстық сотында қаралады.
“Сотталған 8 адам апелляциялық шағым түсірді. Енді олардың ісі облыстық деңгейде қайта қаралады”, — деді Мейірман Шекеев.
Биыл 5 маусымда Талғар аудандық сотында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты үкім шыққан болатын. Сот процесін судья Ержан Жанұзақов жүргізді.
Сот үкімімен:
- Абзал Шынасыл – 23 жылға,
- Равиль Сакиев – 20 жылға,
- Азамат Тоқтаубаев – 15 жылға,
- Нұрқияс Ілиясов – 9 жылға (бұған дейінгі 2,5 жыл шектеу жазасын ескере отырып),
- Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет – әрқайсысы 7 жылға сотталды,
Ал Думан Ысқақ ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) бойынша 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның изолятордағы бір күні екі күн ретінде есептелетін болды.