Астанада табиғи монополиялар субъектісі – "Қазақтелеком" АҚ-ның тұтынушылар алдындағы есебі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Жиын онлайн режимде Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақтелеком" АҚ табиғи монополия субъектісі ретінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында реттелетін телекоммуникация қызметтерін көрсету бойынша атқарған жұмысы жайлы баяндама жасады. Есеп беру жиыны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 29 шілдедегі №180/НҚ бұйрығына сәйкес ұйымдастырылды.
Компания атынан негізгі қаржылық көрсеткіштер, инвестициялық бағдарламалардың іске асуы, тұтынушылармен жұмысты ұйымдастыру, тарифтік сметаның орындалуы және алдағы жоспарлар туралы Корпоративтік бизнес дивизионы байланыс операторларымен келісім департаментінің директоры Г.Е.Орефков баяндама жасады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта "Қазақтелеком" АҚ тарапынан ұсынылатын реттелетін қызмет түріне кабельдік кәрізді мүліктік жалға беру немесе пайдалануға ұсыну кіреді. Бұл қызмет Мемлекеттік табиғи монополия субъектілерінің тізіліміне енгізілген.
Жиын барысында компанияның жартыжылдық жұмысына байланысты қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, олардың әрқайсысына толыққанды жауаптар берілді. Сондай-ақ, есеп барысында алдағы кезеңге жоспарланған инвестициялық жобалар мен міндеттер де егжей-тегжейлі таныстырылды.