Дженнифер Лопестің сахналық костюмдері жайлы пікір білдірген Астана Мәслихатының депутаты Сәуле Самидин қоғамның қызу талқысына түсті. Ол жақында елордада өткен америкалық поп-жұлдыздың концертіне қатысты Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында әншінің киімі тым ашық болғанын айтып, қазақстандықтардың назарын аударды, хабарлайды Dalanews.kz.
"Көпшілік JLO-ның ашық киімдеріне назар аударды. Тіпті 16 жастағы қызым Әмірліктерде әншінің мәдениетті құрметтеп, жабық киінгенін айтты. Әрине, біз БАӘ емеспіз, өзіміздің құндылықтарымыз бар. Бірақ біздің де менталитетіміз бар, кей образдарды жергілікті аудиторияға бейімдегені дұрыс болар еді. JLO өзіндік стилі бар жұлдыз екені рас. Бірақ бұл жағдай - жастардың мұндай дүниелерді қалай қабылдайтыны жөнінде ойлануға себеп", – деп жазды депутат.
Алайда оның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының сын-ескертпесіне ұласты. Көпшілік Сәуле Самидиннің елдегі маңызды мәселелерге емес, әншінің киіміне назар аударғанын орынсыз деп санады.
"Құрметті Сәуле ханым! Мәслихат төрағасы ретінде сізден елдің шынайы мәселелеріне көңіл бөлуді сұраймыз: әйелдердің құқықтарын қорғау, алаяқ құрылыс компанияларымен күрес, алимент төлеуден жалтарған әкелерге қатысты шаралар, жол сапасы мен инфрақұрылымдағы жемқорлық сынды маңызды тақырыптар назардан тыс қалмауға тиіс", – деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, Сәуле Самидин 2023 жылғы наурыздан бері Астана қаласы Мәслихатының депутаты және Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы қызметін атқарады. Сонымен қатар, Астана іскер әйелдер кеңесін басқарады және AMANAT партиясының мүшесі. Ол - "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері.
Еске салайық, 1 тамызда Астана Аренада америкалық әнші Дженнифер Лопес өзінің Up All Night атты әлемдік турының аясында қазақстандық көрермендер алдында алғаш рет өнер көрсетті.