Салық органы өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың табысын тексере бастайтын болады

Кәмшат Тілеухан 04 авг. 2025 13:58

Қазақстанда салық органдары онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың табысын жіті бақылай бастайтын болады. Бұл бастама көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, бюджет кірісін салықты көтермей-ақ арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі курьерлік қызмет, маркетплейстер, фриланс алаңдары секілді онлайн-платформаларды пайдаланатын азаматтардың табысын бақылауды қарастыратын жаңа ережелер әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ендігі жерде мұндай цифрлық платформалар өздеріндегі жеке тұлғалар туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органына тұрақты әрі есеп түрінде беріп отыруға міндеттелмек.

Жаңа талап, негізінен, клиенттерден тікелей төлем қабылдап, платформаны айналып өтетін жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да қатысты болады. Себебі осы санаттағы табыс көбіне көлеңкеде қалып, салық органдарының бақылауына түспей жатады.

Жоспар бойынша онлайн-платформалар салық органдарына өз алаңдарында қызмет көрсететін азаматтардың аты-жөнін, ЖСН нөмірін, қандай қызмет түрін көрсететінін және қаншалықты жиі жұмыс істейтінін хабарлап тұруы тиіс. Бұл ереже, тіпті платформа арқылы қаржылық есеп айырысу жүргізілмеген жағдайда да қолданылады.

Қаржы министрлігі бұл жаңалық көлеңкелі қызмет нарығымен күресіп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың нақты табысын анықтауға көмектеседі деп санайды. Түпкі мақсат – азаматтардың салық міндеттемесін орындауын қамтамасыз етіп, болашақта олардың әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы алу мүмкіндігін арттыру.

Жаңа бастаманың негізгі мақсаты:

  • "көлеңкелі табыс" көлемін азайту;
  • табыс көздерін заңдастыру;
  • әділ әрі ашық бәсекелестікті қалыптастыру;
  • азаматтардың әлеуметтік және салықтық жауапкершілігін арттыру.

Шын мәнінде, мұның цифрлық еңбек нарығын қалыптастыруға байланысты жасалған маңызды қадам екені айтылады.

Аталған құжат қазіргі уақытта "Ашық НҚА" порталы арқылы қоғамдық талқыға ұсынылды.

 


Рекомендовать
Последние новости