Тарифтік дауыл: Қазақстан АҚШ-тың сауда соққысына қаншалықты дайын?

Кәмшат Тілеухан 04 авг. 2025 15:03

АҚШ президенті Дональд Трамп 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін тауарларға 25 пайыздық импорттық баж салығын бекітті. Алғашында Ақ үй әкімшілігі бұл тарифті, тіпті 27 пайыз көлемінде белгілейтінін хабарлаған еді. Сол себепті сырт көзге Вашингтонның кейінгі шешімі жұмсару, тіпті бір жеңілдік тәрізді көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде жағдай басқаша, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Белгілі экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, Трамптың бұл қадамы жеңілдік емес, керісінше, күрделі партиядағы кезекті қатал жүріске жатады. Өйткені ресми Вашингтон Қазақстанды "өзара сауда балансын бұзып отыр" деп айыптайды. Әйтсе де, АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін тауарлардың басым бөлігі шикізат пен жартылай өңделген өнімдер ғана екені белгілі. Осыған қарап, экономист мәселенің арғы жағында экономикадан гөрі геосаясаттың жатқанын меңзейді.

Мұндағы ең үлкен түйткіл екі елдің статистикасындағы елеулі айырмашылық болып табылады. Қазақстан үкіметі жаңа баж салығы елімізден АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың тек 5 пайызына, яғни 100 млн доллар шамасындағы өнімге қатысты болады деп сендіреді. Бірақ бейресми деректерге сүйенсек, бұл сома ресми жарияланғаннан үш есе артық болуы ықтимал.

Америкалық кеден қызметінің мәліметінше, АҚШ-қа Қазақстаннан келетін тауарлардың жалпы көлемі 2,4 миллиард долларды құрайды. Оның ішінде 300 миллион доллардың тауары осы жаңа тарифпен салықтандырылмақ. Бұл – қазақстандық тарап ұсынған деректен анағұрлым жоғары көрсеткіш.

Неліктен бұлай?

"Қазақстан экспорттық есебінде кейбір тауарларды көрсетпейді немесе олардың бағытын қадағаламайды. Мысалы, АҚШ статистикасында Қазақстаннан импортталды деп есептелетін қымбат металл құймалары (154,5 млн доллар), параксилол (34,2 млн доллар), қорғасын (15,5 млн доллар), балық филесі (9 млн доллар), хром триоксиді (5,1 млн доллар) сияқты тауарлар біздің ресми мәліметтерімізде мүлде жоқ. Бұл өнімдер үшінші елдер арқылы қайта экспортталып, шығу тегі ауыстырылғаннан кейін ғана АҚШ нарығына жетуі мүмкін. Қазақстан тарапы осы аралықтағы қозғалысты қадағаламайды және құжаттарында көрсетпейді", - дейді сарапшы.

Мұның салдары қандай болмақ?

Дональд Трамптың жаңа жарлығында: "Тауарларды басқа елдер арқылы тасымалдап, тарифті айналып өтпек болғандар бұдан да қатаң жазаға ілігеді" делінген. Демек, америкалық тарап реэкспорттық схемаларды толық бақылауға алған. Мұндай схемалар жасырын көлемдерді көрсетпей, керісінше, жағдайды ушықтырады. Экспорттық есептің арасындағы мұндай алшақтықты түзету қажет. Өйткені сыртқы серіктестермен статистиканы үндестіруп қарастырмау техникалық қателік қана емес, стратегиялық тұрғыда басқарылатын сыртқы сауда саясаты әлсіздігінің бір көрінісіне жатады. Мұндай кемшілік қазіргі геоэкономикалық тұрақсыздық жағдайында елдің сыртқы сауда жүйесіне қауіп төндіруі мүмкін.

"Трамп тарифтері Қазақстанның экспорттық моделін беріктікке сынап жатыр. Жағдайды бақылауда ұстап, тәуекелді азайту үшін сыртқы сауда механизмін барынша ашық әрі тиімді етіп қайта құру қажет. Ресми мәліметтермен ғана шектелмей, сыртқы нарықтағы тәуекелдерді толықтай қамтып, серіктес елдердің статистикасымен үндестіру – маңызды міндеттің бірі. Мұндай қадам жасалмаса, тарифтердің келесі соққысы одан да ауыр тиюі әбден мүмкін", - дейді Руслан Сұлтанов.

Бұған дейін сайтымызда "Тізімде Қазақстан да бар". Трамп 7 тамызда күшіне енетін тарифке қатысты жаңа жарлыққа қол қойды" деген мақала жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости