Трамп алдында жариялаған баж салығы келісімін жаңартты. Ол тарифті белгілеуде өзара талқы үшін 1 тамызға дейін уақыт берген. Cоған сай бүгін жаңартылған ереже мәтіні жарияланды. Ондағы тізімде Еуроодақ пен 69 мемлекет қатарында Қазақстан да жүр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тарифтер мөлшері 10% бен 41% аралығын қамтиды. Ақ үйдің сайтында жарияланған жарлықта тарифтер "нақтыланған жауапты шаралар" деп атап көрсетіледі.
Аталған бұл шаралар жеті күннен кейін, яғни 7 тамызда күшіне енеді. Тек Канадан басқасына. Ал жапырақты елге бұл үкімнің күші бүгіннен бастап жүреді екен.
Тарифтің ең жоғары шегі - 41 %-ға Сирия ілінген. Лаос пен Мьянманың әрқайсысына 40 %-дан тиген. Ең төменгі шек - 10% Ұлыбритания мен Фолкленд аралдарына тиесілі.
2 сәуірде Ақ үй басшысы сауда серіктестеріне қарсы кең масштабты кедендік баж тарифтерін енгізгелі жатқанын жариялады. Ол кезде Қазақстанға 27% мөлшерлемені бекітілген еді.
Шілде айының басында Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1 тамыздан бастап Қазақстанға қарсы 25 пайыздық баж салығын енгізетінін айтып, хат жолдады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Серік Әшитовтің айтуынша, АҚШ енгізіп жатқан шаралар Америкаға бағытталатын қазақстандық экспорттың 4,8 пайызына ғана әсер етеді. Оның сөзінше, АҚШ-қа бағытталатын, қазақстандық экспорттың шамамен 90 пайызын қамтитын мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа сияқты негізгі экспорт тауарларына бұл әсер етпейді. Бірақ АҚШ үшін бұл шара үлкен рөл атқарады.
Ал саясаттанушы Жанат Момынқұлов бұл арада мәселе тек тарифтер қақтығысында емес, әлем экономика баяулап, дәстүрлі түрде қалыптасқан қатынастар бұзылу қаупінде тұрғанын айтады.
"Қазір бір уақытта АҚШ-Қытай сауда қақтығысы, Украина-Ресей соғысы, Таяу Шығыста Израиль-Иран шиеленісі, мұнай бағасының төмендеуі, ақпараттық-технологиялық соғыс жүріп жатыр. Бұл - әлемде жаңа тәртіп қалыптасуының алғышарттары мен жан-жақты қысым", - дейді Момынқұлов.
Жанат Момынқұловтың айтуынша, мұның Қазақстан экономикасында мұнай саласына жағымсыз әсері болуы мүмкін.
"Бұл жағдай мұнай экспорттаушы елдердің, айталық Ресей экономикасын әлсіретіп, шығындарды қысқартуға, соғысты тежеуге мәжбүр етуге бағытталған. Бұл Ресеймен етене жақын елдердің экономикалық жағдайына да елеулі әсер етеді. Әлемдік экономика баяуласа, Қытайдың мұнайға мұқтаждығы азаяды. Мұнайдан түсетін кіріс төмендеуі үкіметтердің қаржысын азайтады.
Бұған дейін сайтымызда "Баж салығын" ұртоқпақ еткен Трамп саясаты Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін - сарапшы" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ бізден "Трамптың Ресейге қарсы жариялаған санкциясы мұнай саудалаушы елдерді дүрліктіріп жіберді" деген материалмен де таныса аласыздар.