14-15 мамыр күндері АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңге мемлекеттік сапармен бармақ. Бұл кездесу алдында екі елдің дипломатиялық топтары белсенді дайындық жүргізіп, негізгі бағыттар бойынша алдын ала келіссөздер өткізген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сәуір айының соңында АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио қытайлық шенеуніктермен кездесіп, әлемдегі тұрақтылық пен Вашингтон-Бейжің қатынасының болашағын талқылаған. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі келіссөздердің басты мақсаты – екі державаның арасындағы шиеленісті бәсеңдету.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі – Таяу Шығыстағы ахуал. АҚШ Қытайдан Иранға ықпал етіп, Ормұз бұғазындағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесуді сұрап отыр. Өз кезегінде Бейжің Тайвань мәселесінде Вашингтоннан нақты ұстаным күтеді. Қытай АҚШ-тың "Тайвань тәуелсіздігін қолдамаймыз" деген ресми мәлімдемесін және аралға қару жеткізуді тоқтатуды талап етуі мүмкін.
Сонымен қатар тараптар технологиялық текетірес мәселесін де талқыламақ. Әсіресе Nvidia чиптеріне қатысты америкалық шектеулер басты назарда тұр. Қытай бұл тәуелділіктен арылу үшін Huawei технологияларына көшуді жеделдетіп жатыр. Жақында таныстырылған DeepSeek V4 жасанды интеллект жүйесі америкалық чиптерсіз де жұмыс істей алатынын көрсеткен.
Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон сирек кездесетін металдарға қолжетімділікті сақтау үшін Қытайға қатысты кейбір санкцияларды жұмсартуы мүмкін.
Сауда саласында әзірге ауқымды тарихи келісім күтілмейді. Бірақ Қытай АҚШ-пен сауда шиеленісін ушықтырмау үшін Boeing ұшақтарын, соя өнімдерін, мұнай мен газды көп көлемде сатып алуға дайын екенін білдіруі ықтимал.
Соған қарамастан, Қытайдың электромобильдері мен күн панельдеріне қатысты америкалық шектеулер әлі де негізгі түйткілдердің бірі болып қалып отыр.
JP Morgan сарапшыларының пікірінше, АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестік тоқтамайды. Қазіргі жағдай екі елдің "стратегиялық қарсыластықтан" "стратегиялық қатар өмір сүруге" бейімделу әрекеті ретінде бағаланып отыр.