Әлия Молдағұлованың майданға аттанар алдындағы хаты жарияланды

Әлия Молдағұлованың майданға аттанар алдындағы хаты жарияланды
Видеодан кадр: 24KZ

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың бала күнгі досына жазған хаты көпшілікке ұсынылды, деп dalanews.kz тілшісі 24KZ арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарна мәліметінше, батыр қыздың хаттарымен Ақтөбедегі Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінде танысуға болады. Мұражай қорында бұған дейін оның нағашылары Сапура мен Бисембай Қабиевке жолдаған жеті хаттың көшірмесі сақталған.

Ал жуырда музей қызметкерлері мемлекеттік архивтен бұрын көпшілікке белгісіз болып келген сегізінші хатты тапқан. Құнды құжат белгілі журналист әрі деректі фильмдер сценарисі Сейілхан Асқаровтың жеке архивінде сақталып келген.

Хатта Әлия бала күнгі досы Олегке снайперлер мектебінде оқып жүргенін және жақын арада майданға аттанатынын жазған.

"Мен снайперлер мектебінде оқып жүрмін. Әрі қарай Отан қорғауға барамын. Бірнеше рет әскери комиссариатқа бардым, жасым келмегендіктен қайтарып жіберді. Бірақ менің өзімнің табандылығымның арқасында осыған қол жеткіздім", – деп сондай қуанышын бөліскен.

Сонымен қатар белгілі жазушы Аркадий Гайдардың сөзін де келтіріп жазған. "Сол үндеу маған өте әсерлі болды және менің де өміріме әсерін берді", – деп Олегке жазады.

Сондай-ақ хатта ол жазушы Аркадий Гайдардың сөздерінің өзіне ерекше әсер еткенін де айтқан.

Музей қызметкері Айсұлу Тұралиеваның айтуынша, хат шамамен 1943 жылы, Әлия мергендер мектебін үздік тәмамдаған кезеңде жазылған.

Батыр қыз қысқа ғана хатында досына деген сағынышын, туған жерге деген сүйіспеншілігін және ел қорғауға деген жігерін жеткізген. Көп ұзамай ол 54-арнайы атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанған.

Әлия Молдағұлованың хаттары туған елге деген ыстық сезім мен ерлік рухына толы. Оның жазбаларында Абай өлеңінен алынған мына жолдар да кездеседі:

"Бұл өмірдің қызығы махаббатпен

Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен

Арттағыға сөзің мен ісің қалса

Өлсең де өлмегенге боласың тең".

Мемориалдық музейде батырдың хаттарынан бөлек, оның өмір жолына қатысты көптеген тарихи дерек сақталған.