8 тамызда Дональд Трамп Ресей мұнайына қарсы ең қатаң санкцияларды енгізбек, яғни осы күннен бастап ресейлік "қара алтынды" басқа елдерге сатып алуға тыйым салынады. Мұндай хабарды естіген нарыққа қатысушылар өз құлақтарына өздері сене алмай жатыр. Өйткені бұл іс жүзінде Ресей мұнайының экспортына толықтай тыйым салу дегенді білдіреді. Соған қарағанда Тоқаевтың кешегі Түркияға ресми сапары бекер болмай шықты. Мемлекет басшысының Анкарада жүргізген келіссөздерінің бір парасы осы мәселені де қамтитыны айтылып қалып жатыр. Яғни, қос тарап талқысы Ресейді айналып өту арқылы қазақ мұнайын Еуропаға тасымалы мәселесін де қамтыған. Ал бүгін мұхиттың арғы жағынан жеткен бұл жаңалық мұнай бағасына да, тіпті теңгеге де әсер етіп үлгерген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Трамптың осы мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы аздап көтерілді. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 72,68 доллар, WTI маркалы мұнай құны 69,27 доллар деңгейіне жетті.
Ал өткен апта бойы құнсызданып, осы аптада ақырын басын көтермек болған теңгеге бұл жаңалық кезекті соққы болып тиюде. Қазіргі уақытта теңгеге шаққанда 1 АҚШ долларының орташа бағамы 548 теңге деңгейіне жақындады. Бүгінгі қор биржасында сағат 11:05-тегі сауда-саттық мәліметтері бойынша, бағам 547–548 теңге аралығында жүріп жатыр. Бүгінгі күннің басынан бері теңге шамамен 2,5 теңгеге құнсызданса, апта басынан бері тағы 8 теңге құнын жоғалтқан.
"Қазіргі сауда-саттық мәліметтеріне сүйенсек, теңгеге қысым әлі де түсуде. Доллар сатып алушылардың (BID) жағындағы өтімділік орташа деңгейде қалып отыр: 547,01 теңгеге 300 мың доллар, 547,00 теңгеге 250 мың доллар, ал төменгі деңгейлерде (546,10–546,51 теңге аралығында) тағы 1,4 млн доллар тұр. Жоғары жағында сатушылардың (OFFER) позициясы агрессивті: 548 теңгеге 2 млн доллар, 547,99 теңгеге 500 мың доллар, 547,50 теңгеге тағы 500 мың доллар ұсынылған. Бұл экспорттаушылардың табысты теңгеге айналдыру әрекеті немесе теңге бағамының күрт өсімінен қорғану шарасы болуы мүмкін. Егер жақын уақытта жоғарыдағы жайттар тағы ушыға түссе, теңге одан әрі құнсызданып, жаңа максималды деңгейлерді іздестіруі ықтимал. Бұл АҚШ-тың Ресейге қарсы ықтимал санкцияларына нарықтардың берген жауабы секілді", деп жазады Эльдар Шамсутдинов "Комментарий" Telegram арнасында.
Жалпы, бұл арада қатты зардап шегетін – Ресей. Ал ресейлік мамандар Трамтың бұлай бүлінуіне Путин кінәлі дегенді де айтып жатыр. Ресейдің Г.В. Плеханов атындағы экономикалық университетінің саяси талдау және әлеуметтік-психологиялық процестер кафедрасының доценті Наталья Денисенкова АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге қатысты ұстанымының соңғы уақытта түбегейлі өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Трамп Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуды бірнеше мәрте қолдап, санкциялық саясаттың тиімсіз екенін ашық айтқан. Ол, тіпті Украинадағы әскери қимылдарды тоқтату үшін Ресейге айтарлықтай жеңілдіктер жасауға дайын екенін де білдірген. Алайда, 2025 жылдың ортасына қарай Украинадағы соғыс әрекеттерінің күрт шиеленісуі мен дипломатиялық процестің тұйыққа тірелуі Трамптың осы позициясын толықтай өзгертуіне себеп болды.
Путин Трампты жерге қаратты ма?
"Бір жағынан, Трампқа Конгресс және одақтастары күшті қысым көрсетіп отыр. Демократтар мен республикашылардың едәуір бөлігі Украинаны тұрақты қолдауды және санкциялық режимді күшейтуді талап етуде. Екінші жағынан, Ресей әскерінің шабуылы жалғасып жатыр, бұл жасалуы тиіс "жылдам мәмілені" мүмкін емес етті. Осындай жағдайда Трамп өз беделін сақтау үшін Кремльге қатысты "темір жұдырық" саясатын қолға алды", – деп санайды Денисенкова.
АҚШ Ресеймен ынтымақтасатын басқа елдер мен компанияларға да санкциялар енгізуге дайындалып жатқаны белгілі. Мұндай санкцияларға ресейлік мұнай, газ, астық пен металл сатып алатын елдер бірінші болып ұшырайды. Сонымен қатар, Үндістан, Қытай, Түркия мен БАӘ секілді Ресейдің негізгі экономикалық серіктестері де бұл санкциялардың нысанасына айналуы мүмкін.
"Жаңа санкциялардың басты ерекшелігі, олар әдеттегі санкциялық тізім түрінде емес, эксаумақтық қысым түрінде жүзеге асырылады. Бұл АҚШ-тың әлемдік қаржы және технологиялық жүйелердегі үстемдігіне негізделген. Яғни, Ресеймен жұмыс істесеңіз, доллардан, SWIFT жүйесінен, алдыңғы қатарлы технологиялар мен АҚШ нарығынан қағыласыз", – деп түсіндіреді Денисенкова.
Үндістан Ресей мұнайынан бас тарта алады ма?
Үндістан үшін мұның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Үндістан ресейлік арзан мұнайды сатып алып, оны қайта өңдеп, дайын мұнай өнімдерін Еуропаға нарықтық бағамен сатудан үлкен табыс табуда. Ресейден сатып алынатын мұнай көлемі – тәулігіне 1,5 млн баррель.
Сарапшылардың пікірінше, егер Үндістан Ресей мұнайынан бас тартса, онда ол айына 1,2 млрд доллар табысынан айырылады. Бұдан бөлек, Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттарының басым бөлігі ресейлік мұнайға бейімделген. Оларды қайта жабдықтау үшін 5 млрд доллардан астам қаржы және 2-3 жыл уақыт қажет.
Алайда АҚШ – Үндістанның ең ірі сауда серіктесі. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 129 млрд долларды құрады, оның басым бөлігі үнділік экспорттың үлесінде. Егер АҚШ үнді тауарларына баж салығын күрт арттырса, Нью-Дели үшін бұл ресейлік мұнайдан бас тартудан әлдеқайда қымбатқа түседі.
Қытай неге Ресей мұнайынан бас тартуға асықпайды
Қытайға келетін болсақ, оның Ресеймен арадағы сауда көлемі үлкен (2024 жылы 245 млрд доллар), бірақ АҚШ-пен арадағы сауда көлемі одан бірнеше есе жоғары (688 млрд доллар). Дегенмен, сарапшылардың пайымынша, Қытай Ресей мұнайынан бас тартуға асықпайды. Өйткені Қытай стратегиялық серіктестікті жоғары қояды және санкцияға ұшыраған Иран мұнайын сатып алу тәжірибесіне ие.
Сонымен қатар, Ресей Қытайға мұнайды тек теңіз арқылы ғана емес, құрлықтағы құбырлар арқылы жеткізеді. Бұл – Қытай үшін тиімді әрі санкцияға ілінбейтін жол.
Дегенмен, егер Трамп шын мәнінде осындай ауыр санкцияларды енгізетін болса, әлемдік энергетика нарығы үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Ресейдің мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы экспорты тәулігіне 6-7 млн баррельді құрайды, ал бұл - әлемдік нарықтың шамамен 7%-ы. Егер мұндай көлем тоқтап қалса, мұнай бағасы үш таңбалы көрсеткішке жетіп, әлем экономикасы құлдырайды.
"Мұндай жағдайда АҚШ-тың өзі де үлкен зардап шегеді. Трамп мұнай бағасының өсуінен қатты қауіптенеді, өйткені бұл АҚШ экономикасы үшін өте қауіпті. Осы себепті Трамптың қазіргі қатаң мәлімдемелері Ресейден гөрі Үндістан мен Қытайға қысым көрсету арқылы олармен арадағы сауда келіссөздерін жеделдетуге бағытталған болуы мүмкін", – дейді сарапшылар.
Қалай дегенмен де Трамптың санкциялары жүзеге асса, әлемдік экономиканың барлық ойыншылары зардап шегеді. Сондықтан, әзірше сарапшылар бұл сценарийдің іске асатынына сенімсіздікпен қарап отыр. Әлемдік нарықтың қатысушылары да осы мәселені мұқият бақылап, қандай да бір шешім қабылдауға асықпауда.
Ал бүгін АҚШ-тың Қазақстанға Ресейді айналып өту арқылы мұнай тасымалы мәселесінде көмектескісі келетіні белгілі болды. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей территориясын басып өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады.
Айта кетсек, Қазақстанда мұнайгаз компанияларынан бюджетке келіп түсетін салықтың 40 пайызын Теңіз кен орны аударады екен. Цифрға шақсақ, еліміздегі ең ірі мұнай кен орындарындарының Қазақстан бюджетіне төлейтін салығы мынандай сипатқа ие: Теңіз кен орыны – өндірген мұнайының 32 пайызын Қазақстанға беріп, 16 пайыз салық төлейді. Қарашығанақ – 14 пайыз мұнай өнімі, төлейтін салық көлемі – 6%. Қашаған – 20 пайыз мұнай өнімі – төлейтін салық көлемі – 1%.