АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді алып жүруге бағытталған «Бостандық жобасы» операциясын уақытша тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Трамп бұл шешімді Иранмен ықтимал келісім бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздердегі «елеулі ілгерілеумен» байланыстырған.
Ол Truth Social желісінде жариялаған жазбасында Пәкістан мен басқа да елдердің өтініші, Иранға қарсы науқан кезіндегі әскери жетістік және Иран өкілдерімен толық әрі түпкілікті келісім дайындаудағы айтарлықтай прогресс ескерілгенін айтты.
«Біз өзара келісімге келдік: блокада күшінде қалады, алайда Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қозғалысына қатысты іске қосылған “Бостандық жобасы” қысқа мерзімге тоқтатылады. Бұл толық келісімді пысықтап, оған қол қою мүмкіндігін бағалау үшін қажет», – деп жазды Трамп.
Ақ үй әзірге қандай нақты ілгерілеу болғанын және операцияның қанша уақытқа тоқтатылғанын нақтылаған жоқ.